Өскемен көшелері гүлдене бастады

Облыстың бас шаһарында көктемгі көгалдандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. «Таза Өскемен» мамандары көгалдандыру кезеңін уақытылы аяқтап, қала көшелерін түрлендіріп, сәнін кіргізбек, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Жауапты мекеменің сөзінше, гүлдер тек орталық көшелерге ғана егілмейді. Қаладағы басты көшелер мен маңызды нысандардың аумағы да көгалдандырылады. Атап айтқанда, Жеңіс даңғылы, Республика алаңы, Қазақстан мен Бажов көшелері, Үлбі өзенінің маңы, әуежай аумағы, Арбат, Абай көшесі мен Михаэлис көшесінің қиылысы, Гагарин бульвары, Сәтпаев, Карбышев көшелері және Оралхан Бөкей, Сағадат Нұрмағамбетов ескерткіштерінің, Тәуелсіздік монументі, Жеңіс пен интернационалист жауынгерлерге арналған мемориалдарының аумағы түрлі-түсті гүлмен көмкерілмек.
Биылғы маусымда Өскемен көшелері петунья, барқытгүл, агератум, шалфей, цинерария, жұлдызшешек, вербена, зинния әсем, газания, гайлардия, целозия, кохия гүлдерімен безендіріледі.




