Өскеменде даңқты спортшының құрметіне республикалық жарыс өтіп жатыр

Өскеменде тағы бір ірі спорт мерекесі өтіп жатыр. Борис Александров атындағы спорт сарайында дзюдодан кадеттер арасында ашық республикалық турнир басталды. Жарыс Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жерлесіміз Жанәділ Атаевтың құрметіне арналған, деп хабарлайды F16 тілшісі.
КСРО-ның спорт шебері, самбо мен дзюдодан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Жанәділ Атаев бапкерлік мансабында 120-дан астам спорт шеберін тәрбиеледі, олардың арасында Олимпиада ойындарының, сондай-ақ, Әлем, Азия және Қазақстан чемпионаттарының жүлдегерлері де бар.
Жарыстың басы-қасында жүрген азаматтардың бірі, даңқты бапкердің ұлы Алмас Атаевтың айтуынша, турнирге барлығы 10 команда, 200-ден астам спортшы қатысып жатыр. Арасында Астана қаласының, сондай-ақ, Абай, Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының дзюдошыларымен қатар шетелдік қонақтар – Қырғызстан мен Ресейдің татами шеберлері де бар екенін айту керек. Жас дзюдошылар жеті салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды.
Мұндай жарыстардың тәрбиелік мәні өте зор. Бұл туралы жарыстың ашылу салтанатына спортсүйер қауыммен бірге қатысқан, облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар да атап өтті.
Ал даңқты бапкердің өзі (суретте) мұндай жарыстың себепкері болып отырғанына ерекше қуанышты екенін жасырмады.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: Дана Әбдікәрім