admin
Жарияланды: 11:00, 06 ноябрь 2024
Басты / АЙДАРЛАР / Әлеумет

ШҚО-да жеті заманауи мектеп салынып жатыр

ШҚО-да «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 7 заманауи мектеп салынып жатыр.

Бұл мектептердің жалпы сыйымдылығы – үш мың орын, деп хабарлайды F16.kz сайты.

Оның ішінде 1800 орындық төрт мектеп биыл 25 желтоқсанға дейін пайдалануға берілмек. Тағы 1200 орындық үш мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталады. 

- Жобаның ерекшелігі – бастауыш және жоғары сынып оқушыларын бөлек блоктарда оқытуға негізделген. Бұл әдіс қауіпсіздік шараларын күшейтіп, оқушылардың оқу барысын тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, әр мектепте психолог және логопед кабинеттері, робототехника, биотехнология, STEM зертханалары, хореография залы және коворкинг орталығы болады. 600 орындық мектептерде бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған жеке спорт залдары да қарастырылған, - деді ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Саят Тойкенов.

Айта кетсек, 2023-2024 жылдарға жеті мектеп бойынша 27,3 млрд теңге қарастырылған екен, оның ішінде 18,7 млрд теңге бюджетке түсіп қойған. Ал биылғы қажеттілік 8,6 млрд теңгені құрайды.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы үш мың оқушыға жаңа оқу орындарын ұсына отырып, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқартуға және білім беру ортасының заманауи стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді, бұл жас ұрпақтың жан-жақты дамуына септігін тигізеді.


Фото: azattyq-ruhy.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)