Күршімдегі жылыту қазандығы 30 жылдан кейін қайта іске қосылды
Күршім ауданында 30 жылдан астам уақыт бойы тоқтап тұрған «Қазпошта» жылыту қазандығы жұмысын қайта бастады.
Биылғы жылыту маусымында толыққанды жұмысын бастау үшін қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңғырту шараларының арқасында бірнеше әлеуметтік және тұрғын үй ғимараттары қазандықтың жылуына қосылды, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Қазіргі таңда №4 Күршім орта мектебі, Духович көшесіндегі №18 үй, Б.Момышұлы көшесіндегі №18, №20 көппәтерлі үйлер осы қазандықтан жылу алады. Бұл бастама өңірдегі тұрғындар мен мектеп оқушылары үшін қолайлы жағдай жасады. Енді қыста мекемелер мен тұрғын үйлер жылы болмақ.
Отыз жыл бойы тоқтап тұрған қазандықтың іске қосылуы жергілікті тұрғындар үшін қуанышты жағдай.
Айта кетсек, өткен жылы №1 жылыту қазандығы жөнделіп, екі көпқабатты тұрғын үй мен «Күршім» балабақшасы орталықтандырылған жылуға қосылған еді. Бұл жаңғырту жұмыстарының алғашқы қадамы болды.
Жалпы жылу қазандықтарын жаңғырту тұрғындардың тұрмыстық және әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар аймақтың дамуына қосымша серпін беретіні сөзсіз.
Фото және видео: ШҚО Ішкі саясат басқармасы