admin
Жарияланды: 15:00, 22 январь 2025
Басты / АЙДАРЛАР / Не жаңалық? / Катонқарағай

Мал ашуы – жан ашуы. Халықпен ойнамаңыздар! – Мақсат Толықбай мал ұрлығы туралы

Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында мал ұрлығы өршіп тұр. Бүгін депутат Мақсат Толықбай бұл мәселені сынға алып, Парламент Мәжілісінде көтерді. 

Қарапайым халықты қан-қақсатқан қаскөйлер құқық қорғау органдарының құрығынан оңай құтылып кетеді. Ауыл тұрғындары осы күнге дейін жоғалған малдың бірде-бірі табылмағанын айтады, деп хабарлайды F16.kz сайтының тілшісі.

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдады. Ол Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы тұрғындарының мал ұрлығы мәселесінен шаршағанын және полицияның әрекетсіздігін қатаң сынға алды. Ашынған халық барымтаға қарымта қайтарамыз десе, оны мына депутаттар да, министрліктің жеке құрамы да тоқтата алмайтынын ескертті.

Депутаттың айтуынша, бір ғана Шыңғыстай ауылында емес, Өрнек, Жаңа үлгі, Аққайнар сынды ауылдарда да ұрылар еркінсіп, халықтың шыдамын тауысып отыр. Жоғалған мал ізін суытпай ізделмейді, ал полиция әрекетсіз.

«Мал ашуы – жан ашуы» дейді. Жұрттың жан ашуын қоздырып, жарасына тұз себе бермеңіздер! Ашынған халық барымтаға қарымта қайтарамыз десе, оны мына біз түгілі Сіз және Сіз басқарып отырған министрліктің жеке құрамы тоқтата алмайтыныңызды тағы да есіңізге салғым келеді. Халықпен ойнамаңыздар! Ойланыңыздар! Қайта жоғарыда аты аталған ауылдардың мәселесін жіті қадағалап, Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында арнайы рейд жүргізіп, мал ұрлығының алдын алу мен ұрыларды ұстау бойынша кешенді шараларды қолға алуды сұраймын, - деді депутат.

Естеріңізге сала кетсек, F16.kz сайтының тілшілері Шыңғыстайға арнайы барып, мәселемен танысып қайтан болатын.

 
Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)