F16.KZ
Жарияланды: 18:07, 30 январь 2025
Басты / АЙДАРЛАР / Өскемен

Өскеменде кәсіпкерлерді қолдау штабы құрылды

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовтың бастамасымен кәсіпкерлерді қолдау штабы құрылды. Әкімнің айтуынша, штабтың негізгі мақсаты – жаңа бизнес жобаларға жол ашу және мемлекет пен бизнес арасында тиімді байланыс орнату.

Бүгін өткен штабтың алғашқы отырысында алты кәсіпкердің бизнес-жобасы қаралды. Кейбір кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, жер мәселесін шешу және өндірісті кеңейтуге қатысты қолдау көрсету талқыланды. 

Мысалы, кәсіпкерлердің бірі ұлттық тағам өндірісін қолға алып, болашақта саумал терапиясын ашып, коллаген сорпа шығаруды жоспарлап отыр. Ол бизнесін кеңейтіп, өндіріс базасын салу үшін жер телімін алуға мұқтаж. Сонымен қатар, «Пасека» шаруа қожалығы да бал өнімдерін қаптайтын зауыт салу үшін жер учаскесін бөлу мәселесін көтерді.

Сондай-ақ, «QUARTZ» жеке кәсіпкерлігі қалдық әйнектен түрлі сувенирлік бұйымдар жасаумен айналысады. Кәсіпкер Людмила Евженкова киім-кешекті қайта өңдеп, тұрмыстық қажеттіліктерге арналған жаңа өнімдер шығару жоспарын айтты.

Ал «GASSAK» киім бренді өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында бірнеше тігін машинасын және логотип басуға арналған принтер сатып алуды жоспарлап отыр.

Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың тиімділігін арттыруды мақсат еткен штаб отырысы айына екі рет өткізіледі деп жоспарлануда.

Фото: aqmeshit-zhastary.kz

 

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)