admin
Жарияланды: 20:00, 15 февраль 2025
Басты / АЙДАРЛАР / Не жаңалық? / Самар

Самарлықтар балық аулап жарысты

Самар ауданында туризмді дамыту мақсатында қысқы балық аулаудан жарыс өтті. Самар Ертістің жағасын жайлаған аудан болғанымен, мұз үстінде балық аулау сайысы мұнда бірінші рет ұйымдастырылды. Ересектермен бірге мектеп оқушылары да мұз ойып, қармақ салды.

Сенбінің таңында Самар аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері мұз үстінде қармақ салып отырған демалушыларды өзара сайысқа түсуге шақырған. Ниет білдіргендердің барлығына әуелі жарыстың ережесі түсіндірілді. Яғни, бір сағаттың ішінде кім көп балық аулайды, сол жеңіске жетеді. Ауланған балықтар санымен емес, салмағымен өлшенеді. Сонымен қатар, қатысушылардың қайсысы бірінші аулайды, оған да арнайы сыйлық қарастырылған. Ең үлкен балық ұстаған қатысушы да құр қайтпайды деп шешілді. Сөйтіп, бір сағат уақыт белгіленіп, балықшылар әр-әр жерге жайғасты.

 

– Балықшылардың арасында балық аулаудан жарыс ұйымдастыру аудан әкімі Серік Жеңісұлының ұсынысымен жүзеге асып жатыр. Тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқандықтан кем-кетігі болуы мүмкін. Алайда, қызықты басталған шараны дәстүрге айналдыруымыз керек, – дейді Самар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Төлеубайұлы.

Әп-сәтте белгіленген уақыт аяқталып, қазылар алқасы ауланған балықты есептеуге кіріскен. Қортынды бойынша, жарысқа белсене қатысқан бір үйдің балалары Төрежан Ералы мен Ержан Ералы «Ең жас қатысушы» номинацияларымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Жүлделі үшінші орын Жандос Қайырбековке бұйырды. Ал екінші орынға бір орында тапжылмай қармақ қаптырған Андрей Эккель ие болды. Бір сағаттың ішінде жалпы салмағы екі келі балық суырған Әмірхан Ыхай бірінші орынды қанжығаға басты.

Айтылғандай, бұл байқау бүгінгімен аяқталмайды, алдағы уақытта да жалғасын табады.


Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)