admin
Жарияланды: 12:00, 18 февраль 2025
Басты / АЙДАРЛАР / Катонқарағай

Шыңғыстайдағы наубайхананың өніміне сұраныс көп

Катонқарағай ауданында бірлі-екілі адамдар ғана болмаса, ұн тағамдарын жасап отырған жергілікті кәсіпкерлер аз.  «Ас атасы – нанның» өзін көршілес Үлкен Нарынның наубайханаларынан жеткізіп жүр. 

Келмеске кеткен баяғы жылдарда аудан орталығында зіңгіттей наубайхана жұмыс істеп, осы өңірдің дүйім халқын нанмен қамтамасыз етіп отырды. Жаңа піскен нанның аңқыған иісі сонадайдан танауыңды жарып, менмұндалап тұратын. 90-шы жылдардың топалаңында наубайхана  жұмысын тоқтатып, кейіннен зәулім ғимараты да түп орнымен бұзылды. Бұзылды емес, бұзды, қиратты. «Көрпеңе қарай көсіл» дегендейін, қазіргі таңда аудан орталығы мен кейбір елді мекендерде жеке кәсіпкерлер  мүмкіндіктерінше наубайхана ашып, жергілікті жұртты өздерінің сапалы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. 

Былтырғы жылдың желтоқсанынан бері аудан орталығына иық тіресе жатқан Шыңғыстайда да наубайхана ашылды. Бұл істі осындағы ерлі-зайыпты Серік пен Мадина Әкімбаевтар қолға алып жүргізіп отыр. 4 жылды артқа тастап бұрынғы наубайхана ғимаратын қайтадан ретке келтіріп, жеке кәсібін ашқан шыңғыстайлық отбасы наубайханаларында күніне 70-80 қарма нанын пісіріп, ауыл мен аудан орталығындағы сауда орындарына өткізеді. 

– Наубайхананың заңды иесі – жұбайым Мадина, нанды да өзі пісіріп отыр,  – дейді Серік Әкімбаев. – Бизнесімізді жүргізу үшін әуелде «Акимбаева» жеке кәсіпкерлігін аштық. Бұрын да наубайханамыз бен дүкеніміз болған осында.  Отбасылық себептерге байланысты төрт жыл тоқтап тұрды. Өткен жылдың желтоқсанында наубайхананың жұмысын жандандырдық. Ғимараттың ішін жөндеп, ретке келтірдік, жарығы мен жылуын қостық. Нан пісіретін 8 пеш сатып алдық. Әлі де жөндеп-дұрыстайтын тұстары бар, оның бәрін жаз шыға қолға аламыз. Кәсібімізді жандандыру үшін  қаржылай көмекті көрсеткен ағайын-туысқанға, үйдегі ата-анамызға мың алғыс айтамыз. Бұрынғы наубайхана мен дүкеннің жұмысына деп алған несиемізді төлеу қиынға соғып еді, «Катонқарағай несиелік серіктестігінің» басшысы Айтжамал Қарина несиені төлеудің уақытын қайта белгілеп, мәселемізді  шешіп берді. Қарма нанын пісіреміз, бұл ата-бабамыздан келе жатқан тағамымыз ғой. Әмбе, адам ағзасына жеңіл, денсаулыққа пайдалы, асқазанға ауыртпалық салмайды. Ешбір қоспасыз, ауылдың табиғи таза өнімдерімен дайындаймыз. Дайын өнімді ауыл ішінде, аудан орталығындағы дүкендерге жеткізіп отырмыз. Бағасы да қолжетімді. Ісімізді бастаған күннен-ақ тұрғындардың сұранысына ие болдық. Апарған өніміміз бірден өтіп кетіп отыр. 

Серік пен Мадина Әкімбаевтар ендігі жоспарында наубайхана өнімділігін арттыруды көздеп отыр. Болашақта 300 бөлкеге дейін қарма нанын шығару жоспарда бар екен. 

– Енді ғана бастап отырғандықтан жанымызға жұмысшы алған жоқпыз, оған қазір жағдайымыз келмей тұр. Кәсібіміз дөңгеленіп кетсе, қосымша жұмыс көзін ашамыз. Қазір наубайханада маған жолдасым көмектеседі. Мемлекеттен кәсіпкерлік қолдауға арналған грантқа да үміттіміз. Жуықта оның тиісті құжаттарын жинап, өтініш берейік деп отырмыз.

Түсінгеніміз, қандайда болмасын істі аздан бастау керек екен. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Сол себепті бастаған ісімізді гүлдендіру үшін қазіргі атқарып жатқан жұмыстың нәтижесін көрейік, – дейді наубайхана иесі Мадина Әкімбаева. 

Тимур Серікхан


Суретті түсірген Мерей Қайнарұлы

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)