ШҚО-да балалар құқығын қорғауға арналған жаңа чат-бот іске қосылды

Әрбір бала өмір сүру, қорғаныс және қамқорлық алу құқығына ие. Халықаралық келісімдерге қатысушы мемлекеттер балалардың қауіпсіздігі мен дамуын қамтамасыз етуге міндетті. Алайда шынайы өмірде бұл қағидаттар әрдайым сақтала бермейді. Күн сайын мыңдаған бала тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып, өз құқықтарынан айырылып жатады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Оның құрбандары көбіне өз үнін шығаруға батылы жетпейтін балалар мен әйелдер. Жәбірленушілердің үндемей қалуының басты себебі – қоғамның теріс көзқарасы мен айыптауынан қорқу. Бұл әсіресе балалар арасында жиі кездеседі, себебі олар көмек сұраудың жолын білмейді немесе қорқады.
Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясының 3-бабына сәйкес, әр баланың мүддесі бірінші кезекте ескерілуі тиіс. Алайда бұл қағидат шынайы өмірде жиі еленбей қалады. Қанша бала көмек сұрауға батылы бармай, үреймен күн кешіп жүргенін болжау қиын.
Шығыс Қазақстан облысында балалардың құқықтарын қорғау мақсатында прокуратура бастамасымен «URPAQ» чат-боты іске қосылды. Бұл жүйе Telegram мессенджерінде 2024 жылдың наурыз айында (@VKO_URPAQ_BOT) құрылып, зорлық-зомбылыққа немесе қауіп-қатерге тап болған балаларға жедел көмек көрсетуге арналған. Чат-бот арқылы балалар өз мәселелерін анонимді түрде жеткізе алады, ал мамандар қажетті қолдау көрсетеді.
Балалар – қоғамның болашағы. Олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – әрбір азаматтың міндеті. Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болсаңыз немесе жәбірленушілерді білсеңіз, үнсіз қалмаңыз. Көмек әрқашан жақын жерде.
Фото: ЖИ көмегімен жасалды




