Үлкен Нарын ауылында қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көмек көрсетіледі – ШҚО әкімі

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қайғылы жағдай болған Үлкен Нарын ауданына барды, деп хабарлайды F16.kz.
Кеше Үлкен Нарын ауылында су құбыры жарылып, апатты қалпына келтіру және жер қазу жұмыстары кезінде «Нарын КомХоз Сервис» коммуналдық кәсіпорнының екі қызметкері — дәнекерлеуші Ержан Айтпаев (1983 жылы туған) пен слесарь Сергей Кастерин (1970 жылы туған) опырылған топырақ астында қалып, қаза тапты.
Оқиға орнына барған аймақ басшысы арнайы комиссия мүшелеріне өндірістік және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қолданыстағы регламенттерді түбегейлі қайта қарау қажеттігін атап өтті.
Оқиғаны тергейтін комиссияның төрағасы — Шығыс Қазақстан облысының бас еңбек инспекторы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, алдағы он күн ішінде оқиғаға байланысты жан-жақты тергеу жүргізіледі. Қажет болса тергеу мерзімі 30 күнге дейін ұзартылып, салалық сарапшылар тартылады. Қорытынды материалдар құқық қорғау органдарына және сот инстанцияларына беріледі.
Облыс әкімі өндірістік жарақаттардың алдын алу мәселелеріне кешенді түрде қарау қажеттігін ерекше атап өтіп, әсіресе адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдайларда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау облыс басшылығының тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
Қаза тапқандардың отбасыларына республикалық бюджеттен өтемақы төленеді, сондай-ақ сақтандыру тетіктері арқылы қарастырылған өтемақылар беріледі. Өңір басшысы марқұмдардың туыстарымен жеке кездесіп, олардың назардан тыс қалмайтынын және оларға тиісті көмек көрсетілетінін айтты.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі




