Тарбағатайдың Сарыөлең ауылында мектеп құрылысы басталды

Тарбағатай ауданына қарасты Сарыөлең ауылында 50 орындық мектептің құрылысы басталды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен 4-құрылтайда шекаралық ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өткен. Осы мақсатта Тарбағатайда бірқатар жобалар қолға алынған көрінеді.
Сарыөлеңдегі жаңа білім ордасының құрылысын жергілікті "NNTR GROUP" жүргізеді.
Аудан әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, негізгі жоспар бойынша мектеп құрылысы 2026 жылы басталып, 2027 жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда ауданда атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесінде жоба 1 жыл бұрын басталатын болды.
Жергілікті билік құрылыс жұмыстарын биыл толығымен аяқтап, 2026 жылдың 1 қаңтарында білім ордасын қолданысқа беруді жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, өткен 2024 жылы Тарбағатайдағы Тәуке және Шолақорда ауылдарында жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілген.




