ШҚО-да 26 мыңнан астам адам көлік салығын төлемеген, өсімпұл жүріп жатыр

Биылғы 2 сәуірден бастап көлік салығын төлемеген жеке тұлғаларға әрбір кешіктірілген күнге өсімпұл есептеледі, деп хабарлайды F16.kz.
Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік кірістер департаменті 2024 жылғажеке тұлғалардың көлік құралдарына салық төлеу мерзімі биылғы 1 сәуірде аяқталғанын мәлім етті. Ал 2 сәуірден бастап мерзімі өткен әрбір күн үшін Ұлттық банктің ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі. Яғни, төлем неғұрлым ұзақ кешіктірілсе, қарыз сомасы соғұрлым артады.
Бұдан әрі салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу үшін мүлікке тыйым салу және алып қою, шоттарды бұғаттау сияқты өндіріп алу шараларын қолдануға жеке сот орындаушыларына беріледі. Ал берешек мөлшері 40 АЕК-тен асса жеке тұлғаның елден шығуына тыйым салуға салық бұйрығы шығарылады. Сонымен қатар жеке сот орындаушыларымен берешек сомасынан басқа, берешек сомасының 25% мөлшерінде жеке сот орындаушының қызметтері үшін қосымша сома өндіріп алады.
Қазір облыста 26 139 тұрғын көлік салығын уақытында төлемеген, берешектің жалпы сомасы – 861,1 млн теңге.
Фото: F16.kz/жасанды интеллект




