ШҚО делегациясы Қытайда халықаралық семинарға қатысып жатыр

Қытай Халық Республикасының Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы, Қарамай қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының ұйымдастыруымен цифрлық технологиялар саласында білім беру, туризм және IT бойынша кадрларды даярлау мен дамытуға бағытталған халықаралық семинар басталды. Бес күнге жоспарланған шараға Шығыс Қазақстан облысының делегациясы қатысып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Іс-шараны ұйымдастырушы — Қытай-ШЫҰ аясындағы Үлкен деректер саласындағы ынтымақтастық орталығының синьцзяндық бөлімшесі. «ШЫҰ ағашы» бастамасы аясында жүзеге асырылған бағдарламада бес күндік оқу курстары, ШЫҰ елдері арасындағы тәжірибе алмасу, сондай-ақ Қытайдың IT-хабтары мен Цифрлық даму индустриалдық паркімен танысу көзделген.
Шығыс Қазақстан облысының делегациясы құрамында білім басқармасының, жоғары оқу орындарыгың, Өскемен, Риддер қалалары және Марқакөл ауданындағы колледждердің, сондай-ақ креативтік сала мен бизнес қауымдастықтың өкілдері болды.
Қазақстаннан бөлек бұл жиынға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресейден де арнайы делегация қатысып жатыр. Бұл ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы ынтымақтастықтың ауқымы кең екенін көрсетеді.
Шараның салтанатты ашылуында Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының басшылығы сөз сөйледі.
Қазақстандық делегацияның жетекшісі – «РСС групп» компаниясының директоры, Шығыс Қазақстан облысы туризм кеңесінің төрағасы Сымбат Рамазанов бұл шараның Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайту, білім мен тәжірибе алмасу және негізгі салаларға инновациялық шешімдерді енгізудегі маңызын атап өтті.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі




