Қазыбек би мен Есенберлин даңғылындағы аулалар қашан абаттандырылады?

Облыс орталығында аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы уақытта Қазыбек би мен Есенберлин даңғылындағы бірнеше көпқабатты үйдің аула аумақтарын абаттандыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Өскемен қаласының әкімі Алмат Акышов Қазыбек би даңғылы бойындағы №46, 48, 50, 52 және Есенберлин даңғылы бойындағы №19, 21, 23 үйлердің аула аумақтарына барып, олардың қазіргі жай-күйімен танысып қайтты.
Жоспар бойынша аулаға қауіпсіз балалар алаңы салынып, спортпен шұғылдануға арналған құрылғылар орнатылады. Сондай-ақ кез келген жастағы азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға да ыңғайлы жағдай жасауға баса назар аударылмақ.
Қала әкімі бұл орайда әр тұрғынның пікірі маңызды екенін айтты. Өйткені аула – тұрғындардың ортақ демалыс аймағы. Ол – балалардың ойнайтын, үлкендердің демалатын ортақ кеңістігі.
Тағы бір көше асфальтталды
Өскемен қаласында ықшам аудандарды дамыту бойынша жұмыстар бірнеше жыл көлемінде жүргізіліп келеді. Оның аясында бірқатар көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделді.
Кезекті жол жөндеу жұмыстары 20-шы ықшам ауданындағы Иванов көшесінде аяқталды.
Өскемен қаласының әкімі тұрғындармен кездесу барысында аталмыш ықшам аудан тұрғындары жол мәселесін көтеріп, асфальт төсеуді сұраған. Нәтижесінде жұмыстар басталған.
Алмат Ақышов коммуналдық қызметкерлерге қала бойынша жол жөндеу жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, тұрақты бақылауды тапсырды.




