ШҚО-да екі жайлы мектеп салынып жатыр

Шығыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Глубокое ауданына қарасты Опытное Поле ауылында 300 орындық және Өскемен қаласында 600 орындық білім ордасы салынып жатыр. Бұл мектептер қолайлы инфрақұрылымымен, оқушылар мен мұғалімдерге арналған кеңейтілген мүмкіндіктерімен ерекшеленеді.
Бүгінде Опытное Поле ауылындағы мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Маусым айының соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал Өскеменде салынып жатқан мектеп жоспар бойынша шілде айының соңына дейін аяқталуға тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2100 орынға арналған бес заманауи мектеп салынып, пайдалануға берілген. Ол Өскемен қаласындағы Уәлиев және Тимофеев көшелерінде, сондай-ақ Шемонаиха, Риддер қалаларында және Белоусовка кентінде ашылды. Барлық мектептер облыстық білім басқармасының балансына берілді.
Ұлттық жобаның мақсаты — өңірлерде қауіпсіз, қолжетімді және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру. Жаңа мектептерде арнайы жабдықталған кабинеттер, шеберхана, спортзалдар және асхана бар, олар энергия үнемдеу және инклюзивтік талаптарға толық сәйкес келеді.
Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы




