F16.KZ
Жарияланды: 14:30, 12 май 2025
Жаналықтар

Медициналық қызметтің тірегі: Қазақстанда мейіргерлер рөлі артып келеді

Бүгін, 12 мамыр – Халықаралық мейіргер күні. Бұл кәсіби мереке әлемнің 141 елінде, оның ішінде Қазақстанда да атап өтіледі. Қазір еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 146 мыңнан астам мейіргер жұмыс істейді, ал ауылдық жерлерде шамамен 55 мың маман еңбек етеді, деп хабарлайды F16.kz.

Кейінгі жылдары еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі едуір артты. Қызмет аясын кеңейту және өкілеттіктерді беру арқылы мейіргерлер медициналық көмекті командалық үлгіде көрсету жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтуға, емделушілер ағынын тиімді үйлестіруге, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Бүгінде кеңейтілген практика мейіргерлері өз бетінше келесі қызметтерді атқарады:

* емделушілерді бастапқы қабылдау және динамикалық бақылау;

* медициналық құжаттар мен электронды жазбаларды жүргізу;

* дәрігердің тағайындауы бойынша ақпараттық жүйелер арқылы тегін рецепт жазу;

* емделушілер ағынын реттеу және сұрыптау, қабылдауға жазу;

* активтерді тіркеу және тұрғындарды МСАК ұйымдарына тіркеу.

Мейіргерлердің жауапкершілігіне сонымен қатар:

* диспансерлік есептегі емделушілермен жұмыс;

* созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы және әмбебап-прогрессивті патронаж моделі шеңберінде консультация беру, оқыту және патронаж;

* вакцина салу мен скринингтерді қоса алғанда профилактика шаралары;

* медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейдегі халықтың денсаулығын нығайтуға қатысу жатады.

Денсаулық сақтау министрлігі мамандарды даярлаудың сатылы жүйесін енгізді: стандартты деңгейден бастап мамандардың құзыреттеріне қойылатын талаптарға сәйкес келетін бакалавриат – магистратура – докторантура академиялық дәрежелеріне дейін.

Қазақстанда 94 медициналық колледжде мейіргерлер даярлайды, оның ішінде 22-сі – мемлекеттік, 72-сі – жекеменшік. Олардың 39-ы – жоғары медициналық колледж мәртебесіне ие.

Жыл сайын елімізде 23 000-нан астам жалпы бейінді маман даярланады, ал соңғы алты жылда қолданбалы бакалавриат дипломы бар 20 мыңнан астам мейіргер денсаулық сақтау мекемелеріне жұмысқа орналастырылды.

Мейіргер ісін дамыту жұмыстарын үйлестіру мақсатында еліміздің 20 өңірінде өңірлік үйлестірушілер тағайындалды. Олардың қатарында – практикалық денсаулық сақтау саласының, білім беру ұйымдарының және басқару органдарының өкілдері бар.

Кәсіби мерекеге орай 14-16 мамырда Түркістан қаласында «Мейіргер қызметінің инновациялары мен даму перспективалары» атты халықаралық форум және Қызылорда қаласында «ҚР-да тәуелсіз мейіргер ісінің ең үздік практикаларын енгізу» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Фото: pixabay.com

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)