Қазақстанда 25 мыңнан астам агроқұрылым мақта шаруашылығымен айналысады

Мақта шаруашылығы – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі маңызды саланың бірі. Бұл сала халықты жұмыспен қамтуға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосып отыр, деп хабарлайды F16 тілшісі.
Мақта егілетін негізгі алқаптар Түркістан облысында орналасқан. Мұнда 25 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді, оларда шамамен 70 мың адам еңбек етеді.
2024 жылы мақта егісінің көлемі 106,4 мың гектарға жетіп, бір гектардан 28,3 центнер өнім алынған. Нәтижесінде 301,7 мың тонна мақта шикізаты жиналды. Биыл заманауи технологияларды қолдану арқылы егіс көлемін 135,2 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сала мемлекеттік қолдау мен су үнемдеу технологияларының енгізілуі арқасында тұрақты дамып келеді. Мысалы, тамшылатып суару технологиясы қолданылатын алқап көлемі 50 мың гектарға дейін ұлғайып, дәстүрлі тәсілмен егілетін егістік көлемі 19,3 мың гектарға азаймақ. Бұл су ресурстарын үнемдеуге және климаттық өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік береді.
Бүгінде мемлекет тарапынан мақта өндірушілерге кешенді қолдау көрсетілуде. Мысалы, мақта өсірудің толық цикліне субсидия беріледі. Атап айтсақ, минералды тыңайтқыштар құнының 60%-на дейін, пестицидтердің 50%-на дейін, биологиялық агенттер мен биопрепараттардың 40%-на дейін, түпнұсқа және элиталық тұқым сатып алуға 70%-ға дейін, мақта тұқымына – 100% көлемінде (басқа дақылдар үшін 15-50%), суармалы су жеткізу шығындарын өтеу – технология түріне байланысты 50-85% көлемінде осы және басқа да инвестициялық субсидиялар қарастырылған.
Қазақстан жыл сайын 300 мың тоннадан астам мақта шикізатын және 70-75 мың тонна мақта талшығын өндіреді. Өнімнің 85%-ы Латвия, Түркия, Ресей, Қытай және өзге елдерге экспортталады. Алайда, қосылған құнды арттыру және сыртқы нарыққа тәуелділікті азайту үшін терең өңдеуді дамыту аса маңызды. Бұл мәселе Үкіметтің назарында.
Мақта саласын дамыту жөніндегі Жол картасы және мақта-тоқыма кластерін қолдау аясында Түркістан облысында «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мен «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қатысуымен ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
Жобаның жалпы құны – 146,8 млрд теңге. Жоба аясында 50 мың гектар егістік игеріліп, соның 32 мың гектары биыл тамшылатып суарылатын болады. Сонымен қатар 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген.
Заманауи технологияларды енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын күшейту және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру – Қазақстанда мақта шаруашылығының ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуының, сондай-ақ елдің экспорттық әлеуеті артуының алғышарттары бола алады.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі




