BearLog-тен AltaiFest-ке дейін: Шығыста туризм жаңаша сипатта дами бастады

Шығыс Қазақстанда туризм саласы қарқынды дамып келеді. Бұл өңір экономикасын әртараптандырудың маңызды бағытына айналды, деп хабарлайды F16.kz.
Аймақта 368 туристік нысан жұмыс істейді, олардың қатарында санаторийлер, пантоемдеу орындары, тау шаңғысы курорттары, демалыс базалары мен қонақ үйлер бар. Бұқтырма су қоймасы мен Алтай таулары сияқты табиғи-климаттық ерекшеліктер өңірде жағажай, қысқы, ауылдық және медициналық туризм дамытуға мүмкіндік береді.
АНАТАУ ТАУ ШАҢҒЫ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ
Былтыр облыстың туризм саласына 14,9 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 8,6%-ға жетті. Риддер қаласында BearLog атты жаңа демалыс базасы ашылды, ал биыл RIDDERRESORTHOTEL қонақ үйін қайта жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ қала маңында «Анатау» атты жыл бойы жұмыс істейтін тау шаңғысы кешенін салу көзделіп отыр. Бұл нысан қысқы спорт түрлеріне арналған тау туризмінің орталығына айналады.
Медициналық туризмге ерекше көңіл бөлінген. Аустриялық Sanlas Holding GmbH компаниясымен бірлесіп, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған әлемдік деңгейдегі оңалту орталығын салу мәселесі талқыланып жатыр. Онкология және хирургия орталығында шетелдегі бағалармен салыстырғанда әлдеқайда арзан ЧЕК-АП медициналық тексеру қызметтері дамып келеді.
ЕКІ АУДАНДА ӘУЕЖАЙ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Сонымен қатар өңір туристерді «Шығыс салбурыны» бүркітшілер фестивалі, «Аяз ата мен ақшақар», AltaiFest, «Бұқтырма балықшысы» сияқты жарқын имидждік іс-шаралар арқылы тартады. Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу аяқталып, облыстың алты ауданы өзара байланыс орнатты және көлік қатынасы айтарлықтай жақсарды.
Өңірдегі туризмді дамытуға Мемлекет басшысының Катонқарағай ауданы мен Зайсан қаласында әуежайлар салу туралы шешімі зор серпін берді. Биыл наурыз айында көлік министрі М.Қарабаев болашақ әуежайлардың орнын аралап шығып, құрылыс жұмыстарының мамырда басталатынын мәлімдеді. Бұл өңірдің көлік қатынасын жақсартып, туристер ағынының өсуіне ықпал етеді.
Шығыс Қазақстан халықаралық аренада да туристік әлеуетін танытып жатыр. Қазақстанның туризм жылы аясында облыс делегациясы Қытайдың Шанхай мен Үрімші қалаларындағы ірі көрмелерге қатысты. Нәтижесінде қытайлық туроператорлармен меморандумдарға қол қойылып, ақпараттық турлар ұйымдастыруға компаниялар тартылды.
БИЫЛ 721 КМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ
Туризмді дамыту жолында инфрақұрылымды жетілдіру де қолға алынған. Биыл 721 км жол жөнделеді, оның 121 км-і туристік бағыттарға апарады. Бұл шаралардың барлығы заманауи туристік кластерді қалыптастыруға бағытталған, ол республиканың әр өңірінен және шетелден туристерді тартатын болады. Соның арқасында Шығыстағы туризмнің жаңа тынысы ашылып, болашақта өңірге келетін демалушылар санын арта түспек.
Фото: F16.kz




