Заманауи инфрақұрылым, жаңа технология: ШҚО медицинасында серпіліс бар

Шығыс Қазақстан облысында 2023–2024 жылдары денсаулық сақтау саласында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Өңірді дамытудың жүйелі тәсілі нақты жобалармен, инвестициялармен және нәтижелермен айқын көрініс тапты. Жабдықтар сатып алудан бастап мамандарды тарту мен жаңа медициналық нысандар салуға дейін жүзеге асырылды, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінде ШҚО-ның медицина мекемелерінде 3021 дәрігер мен 7 820-дан астам орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Кадр тапшылығын шешу үшін былтыр денсаулық сақтау басқармасы интерндер мен резиденттермен кездесу ұйымдастырды. Нәтижесінде 42 жас маманды жұмысқа орналастыру туралы алдын ала келісім жасалды. Ал биыл 70 дәрігер шетелде оқудан өтеді. Бұл — өңірлік медицинаның болашағына салынған инвестиция.
Екі жыл ішінде облыста 3,3 млрд теңгеге 21 медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Тек ана мен бала қызметі үшін 1,9 млрд теңгеге 25 жабдық сатып алынды.
Өскемендегі Ана мен бала орталығына құны 850 млн теңгеге жуық МРТ аппараты орнатылды, бұл диагностиканың сапасын жаңа деңгейге көтерді. 2025 жылдың соңына дейін тағы 18 денсаулық сақтау ұйымы жаңа құрал-жабдықпен қамтылады, бұл мақсатқа 4,8 млрд теңге бөлінді.
Жеті аурухананы күрделі жөндеуге 2,5 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде алты нысан жөнделіп болды, біреуінде жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Биыл тағы 16 нысанды жөндеу жоспарланған, оған 3,8 млрд теңге қарастырылған.
Зайсан, Тарбағатай және Шемонаиха аудандық ауруханаларына заманауи КТ аппараттар орнатылды. Бұл аппарат ауруды дер кезінде анықтап, науқастың өмірін құтқаруға мүмкіндік береді. Облыс орталығынан 450 шақырым қашықта жатқан Зайсан, Тарбағатай сияқты аудандардың халқы үшін мұндай заманауи аппараттың жергілікті жерде болуы өте маңызды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ШҚО-да 36 медициналық нысанның құрылысы басталды. Оның 35-і аяқталды, тағы біреуі биыл қолданысқа өткізіледі.
Сонымен қатар келесі ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр:
Өскеменде Гематология орталығын салу;
Риддерде 200 орындық көпбейінді аурухана мен бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана салу;
ШҚО онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусын жаңғырту;
Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде ауысымына 150 адам қабылдайтын емхана салу.
Шығыс Қазақстан денсаулық сақтау саласын тұрақты дамыту бағытын берік ұстанып отыр. Әрбір көрсеткіш — нақты жетістік: сапалы медициналық көмек, қолжетімділік және мыңдаған адам үшін болашаққа сенім. Бұл жай ғана стратегия емес, ел денсаулығы үшін атқарылған нақты істер, заманауи техника, білікті мамандар және ең бастысы адамның өмірі.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі




