Әлеуметтік маңызы бар өнімдерге қолжетімділік артып келеді

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы еліміздің үш облысының халқын әлеуметтік бағадағы күнбағыс майымен қамтамасыз етті, деп хабарлайды F16 тілшісі.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы күнбағыс тұқымын сатып алудың үш жақты форвардтық бағдарламасы бойынша күнбағыс майының кезекті партиясын жеткізді. Дәлірек айтсақ, Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорына 20,8 мың литр көлеміндегі дайын өнім жөнелтілді.
Жалпы алғанда, ұлттық оператор «Кokshe», «Байқоңыр» және «Сарыарқа» ӘКК-мен бекітілген баға бойынша 83,2 мың литр күнбағыс майын жеткізуге үш келісімшарт жасасты. Дайын өнім көлемінің бір бөлігі сауда желілері арқылы бөлшек саудаға жіберілді, ал күнбағыс майының қалған көлемін ауылшаруашылық жәрмеңкелерінде сату жоспарланып отыр. Мұндағы басты мақсат – өңірлер тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы бар өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
«Кokshe» ӘКК» АҚ азық-түлікпен қамтамасыз ету және сауда департаментінің директоры Алма Әбдірахманованың айтуынша, күнбағысты форвардтық сатып алу бағдарламасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары үшін нақты қолдау болмақ.
Қызылорда облысындағы азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етумен «Байқоңыр» ӘКК айналысады. Аталмыш ұйым тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан 20,8 мың литр күнбағыс майын сатып алды.
Еске салайық, былтыр наурызда ұлттық астық операторы күнбағыс өсіруге маманданған шаруаларды алдын ала төлем негізінде қаржыландырған болатын. Астықты жинағаннан кейін ауылшаруашылық тауар өндірушілері шикізатты «OskemenAgroProdukt» зауытына жіберіп, онда күнбағыс майының үш партиясы, дәлірек айтсақ, 41,6 мың литр, 20,8 мың литр және 20,8 мың литр май өндірілді. Дайын өнім Азық-түлік келісімшарт корпорациясының иелігіне өтті.
Форвардтық қаржыландыру бағдарламасы фермерлерді қолжетімді қаржылық ресурстармен қамтамасыз етіп қана қоймайды. Ол, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі нарыққа кепілдендірілген жеткізуді қамтамасыз етіп, қайта өңдеуді ынталандырады, азық-түлік тауарларының қолайлы бағасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Нұржан Кенжеұлы




