Апатпен күрес: азаматтық қоғамның рөлі артып келеді

Кейінгі жылдары жиілеп кеткен ірі төтенше жағдайлар азаматтық қоғамның, оның ішінде еріктілердің апаттың алдын алу мен салдарын жоюдағы рөлін айқын көрсетті. Қазір Төтенше жағдайлар министрлігі құрамында 47 мыңға жуық ерікті бар 136 волонтёрлік ұйыммен өзара ынтымақтастық орнатқан, деп хабарлайды F16.kz.
ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫҢ НАҒЫЗ КӨМЕКШІСІ
Бүгінде еріктілер кәсіби құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің нағыз көмекшісіне айналды. Бұл әсіресе, жастар арасында өте өзекті, себебі волонтёрлік ұйымдар болашақтағы төтенше жағдай қызметінің кадрлық резервін қалыптастырады. Министрлік мұндай ұйымдармен бірлесіп, жұмыс бағытын үш негізгі сала бойынша ұйымдастырады. Атап айтқанда, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету (гуманитарлық қолдауды қоса алғанда), төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жоюға қатысу, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздеу-құтқару жұмыстарына қатысу.
Министрлік салалық волонтёрлікті белсенді дамытып келеді. Бұл сөзімізге жарқын мысал ретінде ТЖ саласындағы еріктілердің алғашқы республикалық форумын айтар едік. Форум оқу-жаттығу полигоны базасында өткізілді. Сонымен қатар ТЖМ волонтёрлік туралы тәжірибесін халықаралық еріктілер форумында «ТЖ саласындағы волонтёрлік» деген тақырыппен панельдік сессияда ұсынды.
МОБИЛЬДІ ЕРІКТІ ТОПТАР ӘР ӨҢІРДЕ БОЛАДЫ
Былтыр Қостанай облысында мобильді ерікті топтарды құру бойынша қанатқақты жоба іске қосылды. Бұл топтар ТЖМ-нің кәсіби авариялық-құтқару бөлімшелеріндегідей арнайы дайындықтан өтті, оған физикалық даярлық та кірді. Биылдан бастап мұндай топтар еліміздің әрбір өңірінде құрыла бастайды. Бұл еріктілер жұмысының жүйелі болуын қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлар кезінде волонтёрлік қызметтің бейберет жүргізілуіне тосқауыл болады. Жоба былтыр Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) жанындағы Жастар кеңесі аясында ұйымдастырылған волонтёрлік қозғалыстар көшбасшыларының слетінде таныстырылып, 2024–2026 жылдарға арналған волонтёрлікті дамыту және қолдау жөніндегі жол картасына енгізілді.
Еріктілердің ірі төтенше жағдайларда, атап айтқанда 2024 жылғы су тасқыны, Қостанай мен Абай облыстарындағы ірі орман өрті кезінде көмек көрсетуі ерекше атап өтерлік жәйт. Олар зардап шеккендерге жедел көмек көрсетіп, апат салдардың жоюға елеулі үлес қосты.
ЖЫЛ САЙЫН 2 МЫҢ ЕРІКТІ КУРСТАН ӨТЕДІ
ТЖМ еріктілер қозғалысына ақпараттық қолдау көрсетуді де жолға қойған. Министрліктің ресми сайтында волонтёрлікке арналған бөлім жұмыс істейді. Онда тіркеуден өтуге, нормативтік құжаттармен танысуға және маңызды ақпарат алуға болады. Бұдан бөлек жыл сайын шамамен 2 мың волонтёрлік ұйымның жетекшілері мен үйлестірушілері оқудан өтеді.
Еріктілер нақты тәжірибелік жұмыстарға да белсенді тартылады. Олар іздеу-құтқару жұмыстарына, шомылу маусымы, өрт қауіпті және жылыту кезеңдеріндегі алдын алу шараларына, сондай-ақ ТЖМ ұйымдастыратын түрлі әлеуметтік акциялар мен іс-шараларға қатысады.
Президент атап өткендей, мемлекеттік органдар волонтёрлердің әлеуетін тиімді пайдалану бағытында белсенді жұмыс жүргізуі қажет. Осыған орай, Төтенше жағдайлар министрлігі волонтёрлік ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайтып, төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жоюға бағытталған әріптестікті одан әрі дамыта түспек.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі




