F16.KZ
Жарияланды: 11:30, 18 май 2025
Жаналықтар

Қария – қазына: Ұзақ өмір сүруге бағытталған ұлттық стратегия

Қазір елімізде 120 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді, оның 57-сі қалада, 63-і ауылда орналасқан. Былтыр орталықтардың қызметін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттерден 5,9 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл мақсатқа 6,7 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды F16.kz.

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ҚАРТАЙЫП БАРАДЫ

2017 жылдан бастап Қазақстан ресми түрде халқы қартайып бара жатқан елдердің қатарына кірді. Бүгінде 65 жастан асқан адамдар халықтың 9,2%-ына тең, бұл шамамен 1,87 миллион адам. Салыстырсақ, 2020 жылы бұл көрсеткіш 6,8% болған.

Қарттарымызға қамқорлық көрсету, белсенді және мәнді өмір сүру үшін жағдай жасау – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сол себепті 2020 жылы республикада алғашқы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. 2021 жылы аға буын азаматтардың жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспары қабылданды. Оның аясында заңнамаға өзгерістер енгізіліп, ведомствоаралық комиссия құрылды және белсенді ұзақ өмір сүру индексі есептелді.

ҰЗАҚ ӨМІР, МЫҚТЫ ДЕНСАУЛЫҚ, ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс. Орталық қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде бос уақытты жүйелі ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.), егде жастағы адамдардың еркіндігін қамтамасыз етуге, қазақстандық қоғамның өміріне қатысуға бағытталған.

ОРТАЛЫҚТА ҚАНДАЙ ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТІЛЕДІ?

Орталықтар жұмысын бастағалы бері 20 мыңнан астам іс-шара өткізілді, 3,8 мыңнан астам қызмет көрсетілді, олардың қатарында медициналық, психологиялық, мәдени және білім беру қызметтері бар. Мұның бәрі егде жастағы адамдарға белсенді болуға, денсаулық пен көңіл-күйді жақсартуға көмектеседі.

НӘТИЖЕ БАР МА?

Нәтижесі де көңіл қуантады, орталықтың қызмет алушылары халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Мысалы, «Алматы әжелері» ұжымы Италиядағы сән апталығында Қазақстанның атынан қатысып, Түркия мен Қырғызстандағы этнофестивальдерде жеңіске жетті.

Фото: F16.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)