F16.KZ
Жарияланды: 14:30, 18 май 2025
Жаналықтар

Қазақстан экономикасы қайда бара жатыр?

Ұлттық статистика бюросының алдын ала мәліметтері бойынша, биылғы қаңтар-сәуірде Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 6%-ға өсті, деп хабарлайды F16.kz.

ҚАЙ САЛАЛАРДА ӨСІМ БАР?

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының аға сарапшысы Рамазан Есенғазиев бұл өсім экономиканың негізгі секторларындағы тұрақты және оң серпінді көрсететінін атап өтті.

Жалпы айтқанда, ЖІӨ өсімі өнеркәсіптік өндірістің де, қызмет көрсету саласының да теңгерімді дамуымен байланысты, олар сәйкесінше шамамен 7,5% және 5,3% өсті. Сонымен қатар инвестицияларды да ерекше атап өткен жөн, олардың негізгі капиталға шаққандағы көлемі 13,7%-ға, бұл ретте, өңдеу өнеркәсібінде әсерлі 34,3%-ға өсті. Мұның бәрі бүгінгі таңда экономиканың өсу сипаты шынымен де сапалы екенін көрсетеді, – деп түсіндірді сарапшы.

Сондай-ақ ол өнеркәсіп салалары, оның ішінде тау-кен және өңдеу, құрылыс, сауда және көлік салалары экономиканың өсуіне үлкен үлес қосатынын атап өтті. 

Көлік және қоймалау – 22,4%-ға, құрылыс – 16,2%-ға, өңдеу өнеркәсібі –7,2%-ға, тау-кен өндіру – 7,1%-ға, соның ішінде мұнай өндіру 8,8%-ға ұлғайды. Сауда-саттыққа келетін болсақ, көлем шамамен 7%-ға өсті, – деді Рамазан Есенғазиев.Статистика деректері өнеркәсіптік өндірістің оң динамикасын растайды. Өнімнің жалпы өнімі 6,6%-ға өсті, бұл ретте, машина жасау – 11,2%, тамақ өнімдерін өндіру – 12%, мұнай өңдеу – 13,7%, химия өнеркәсібі – 11,2%, металл бұйымдарын өндіру – 21,6%, құрылыс материалдарын өндіру 12,9% қосты. Сондай-ақ көмір өндіру11,2%-ға өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 16,2%-ға ұлғайды.

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

Сарапшы маман тамақ өнімдерін өндірудің, машина жасаудың, жабдықтарды жөндеу мен орнатудың өсуі арқылы қамтамасыз етілетін өңдеу өнеркәсібінің дамуын ерекше атап өтті.

Мұнда оң динамика ішкі және сыртқы сұраныстың өсуіне, тау-кен компаниялары тарапынан шикізаттың тұрақты жеткізілуіне, сондай-ақ құрылыс материалдары мен компоненттерінің едәуір көлемін қажет ететін көптеген инвестициялық жобаны іске асыруға байланысты болуы мүмкін, - деп түсіндірді Рамазан Есенғазиев.

Сонымен қатар биылғы қаңтар-сәуірде Қазақстанда шамамен 4,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 6,8%-ға артық. Көлік қызметтерінің көлемі 22,4%-ға өсті, бұған ең алдымен теміржол және құбыр арқылы жүк тасымалының өсуі ықпал етті.

ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ ИГІЛІГІ

Инвестициялық белсенділіктің өсуі - экономиканы қолдаудың тағы бір маңызды факторы. Биылғы алғашқы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестицияның нақты көлемі, былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 13,7%-ға өсті. Бұл ретте Рамазан Есенғазиев инвестициялық белсенділіктің негізгі драйверлері «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мен «Инвестиция орнына тариф» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру екенін атап өтті.

Осы бастамалар аясында бүкіл ел бойынша жаңа мектептер салынып, жұмыс істеп тұрған білім беру мекемелері жөнделіп жатыр, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылым жаңғыртылады. Бұдан басқа көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобалар — теміржол нысандарын салу, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қалпына келтіру және басқа да ірі жобалар инвестициялық белсенділікке оң әсер етіп отыр, – деді ол.

Инвестициялық жобалардың елеулі саны өңдеу өнеркәсібінде, оның ішінде металлургия, мұнай-газ өңдеу, химия өнеркәсібі және машина жасауда да көрініс тапты.

Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)