«Тарифті инвестицияға айырбастау»: жаңғыртуға жаңа мүмкіндіктер ашты

Қазақстанда энергетика саласын кешенді жаңғыртып, оның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңартылған бағдарламасы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл тетік энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру үшін мақсатты инвестиция тартуға мүмкіндік береді әрі тұтынушыға түсетін жүктемені барынша азайтады.
Былтыр бағдарлама аясында елдегі электр станцияларында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Биыл инвестиция көлемі 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Бұл осы жылмен салыстырғанда 13,24 %-ға көп.
Жаңартылған тәсілдің басты жаңалығы – инвестицияларды қайтарудың жылдық лимитін 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін көтеру және электр қуатын қолдауға арналған қызметтің шекті тарифін арттыру. Бұл жеке капитал тартуды және ауқымды техникалық қайта жарақтандыруды ынталандырады.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы тарифтік өзгерістерді энергия өндіруші компаниялардың нақты міндеттемелерімен – жөндеу қорларын ұлғайту, жабдықтарды жаңарту, өндірістік персоналдың еңбек жағдайын жақсартумен қатаң байланыстыруды көздейді. Еңбекақыны көтеру, станцияларды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу – осының барлығы бүкіл энергетикалық жүйенің сенімділігі мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Сөйтіп, бағдарлама шеңберіндегі тарифті түзету - шығынның өсуіне жай жауап емес, заманауи, орнықты әрі келешекке бағытталған энергетиканы қалыптастыруға жасалған қадам. Ұзақмерзімді инвестициялық көзқарас арқылы Қазақстан энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жетуге елеулі үлес қосады.
Тариф қалыптастырудың ашықтығы мен қаражатты пайдалану туралы есептілікке келсек, энергия өндіруші ұйымдардың деректері енді уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы ұсынылады. Сондықтан электр энергиясы бойынша шекті тарифті бекіту немесе түзету жөніндегі келесі өтінімдер де осы ақпараттық жүйе арқылы беріліп, тарифтүзу процестері толық цифрландырылмақ.
Фото: gov.kz




