F16.KZ
Жарияланды: 18:30, 19 май 2025
Жаналықтар

Ауылға аванс: мемлекет фермерлерге 6,4 млрд теңге бөлді

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы дәнді және майлы дақылдарды форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.

ШҚО-НЫҢ ҮЛЕСІНДЕ ҚАНША ҚАРАЖАТ?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, бүгінге дейін ұлттық оператор 169 мың тонна астықты күзгі тапсыру үшін алдын ала төлем ретінде фермерлердің шотына 6,4 млрд теңге аударды. Оның 4,7 млрд теңгесі бидай өндірушілерге, 549 млн теңгесі майлы зығыр өсіруге маманданған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, 367,7 млн теңгесі арпа жеткізушілерге бағытталды. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысының күнбағыс өндірушілеріне 688,9 млн теңге жіберілді.

НЕСИЕЛЕНДІРУ КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙДЫ

Қаржыландырудың ең көп көлемі астықты аймақтардың үлесінде. Қазірдің өзінде қаржылай қолдауды Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарының 98 ауыл шаруашылығы кәсіпорны алды.

Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша майлы дақылдарды өндірушілерді несиелендіру көлемі ұлғайтылады.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталғалы бері Азық-түлік келісімшарт корпорациясына жалпы сомасы 19 млрд теңгеге өтінім түскен. Форвардтық келісімшарттар бойынша шаруалар орақ науқаны аяқталғаннан кейін мемлекеттік оператордың ресурстарына 368 мың тонна астық жеткізуді жоспарлап отыр.

АВАНСТЫ ҚАЙДА ЖҰМСАУ КЕРЕК?

Форвардтық қаржыландыру бағдарламасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді егіс жұмыстарына қажетті қаражатпен қамтамасыз етуге бағытталған. Алған авансты шаруалар тұқым, тыңайтқыш, қосалқы бөлшектер және басқа да ресурстарды сатып алуға жұмсайды. Бұл ретте мемлекет қаржыландыруды ғана емес, сонымен қатар Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы астық өнімдерін әділ бағамен өткізуге де кепілдік береді. Осылайша, форвардтық тетік фермерлерге қаржылық жүктемені азайтуға және маркетингтік тәуекелдерді барынша азайтуға көмектеседі.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)