Қысқы спорт пен дәстүрлі медицина: ШҚО делегациясы Алтай политехникалық колледжінде болды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бастаған делегация Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданына сапары аясында Алтай политехникалық колледжінде болды, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл оқу орнында қысқы спорт түрлері мен туризмге маманданған жоғары кәсіптік білім береді. Колледж құрамында төрт негізгі құрылым жұмыс істейді. Атап айтқанда, марксизм институты, қысқы спорт түрлері институты, туризм институты және ауылдық аумақтарды дамыту институты.
Колледжде аймақтың табиғи мүмкіндіктерін пайдалана отырып арнайы салалық кластерлер дамып келеді. Олар автономиялық ауданның он ірі кластері мен өңірдің бес басым бағыты: жасыл тау-кен өнеркәсібі, таза энергетика, ауқымды туризм, денсаулық сақтау және ауқымды ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты.
ШҚО делегациясы қысқы спорт түрлері институтын аралап, ондағы шеберхана жұмысымен танысты. Шеберханада аң терісінен шаңғы жасаудың шебері, атадан жалғасқан кәсіпті мұра еткен Сыранбек Шахыш жұмыс істейді.
Сапар барысында делегация оқу-өндірістік кешеннің жұмысымен танысып, қар мен мұз жабдықтарына техникалық қызмет көрсететін цехты, құрғақ керлингке арналған жаттығу залын және профессор Шань Чжаоцзянның жеке шығармашылық шеберханасын аралады. Айта кету керек, Шань Чжаоцзян — Қытайдағы тұңғыш шаңғы спортының чемпионы әрі «Алтай — адамзаттың шаңғы мәдениетінің бастауы» идеясын белсенді түрде дәріптеп жүрген тұлға.
Туризм институтындағы Сауықтыру орталығында делегация өкілдері дәстүрлі және заманауи оңалту әдістерін біріктіре оқытатын зертханалармен танысты. Бұл жерде студенттер физиотерапия, кинезиотерапия, акупунктура, туйна массажы мен еңбек терапиясы сияқты емдеу тәсілдерін үйренеді.
Институт мамандарының айтуынша, оқу бағдарламасы дәстүрлі қытай медицинасын қазіргі оңалту жүйелерімен ұштастырып, болашақ мамандарға кешенді білім беру мақсатын көздейді.
Климаттық және табиғи ерекшеліктері Шығыс Қазақстан өңірімен ұқсас бұл аймақтың оң тәжірибесі біздің елдегі оқу орындарының бағдарламасына енгізілуі ықтимал.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі




