F16.KZ
Жарияланды: 17:00, 20 май 2025
Жаналықтар / Басты

Шомылуға тыйым салынған 74 учаске анықталды – ШҚО

Шығыс Қазақстан облысы аумағында шомылуға рұқсат етілмеген 74 орын белгіленді. Шағын су көліктерімен (кеме, қайық т.б) жүзуге тыйым салынған 29 учаске анықталды, деп хабарлайды F16.

Бұл туралыШҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Дәурен Ағажаев БАҚ өкілдерімен өткен көшпелі брифингте айтты. 

Оның сөзінше, былтырғы шомылу маусымында өңірдің су айдындарында төтенше жағдай қызметкерлері 23 адамды құтқарды, оның ішінде төрт бала бар.  Рұқсат етілмеген жерде шомылған төрт адам суға батып кеткен, оның біреуі бала. Қайғылы оқиғаларға негізінен жабдықталмаған жерде шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, адамдардың жүзе алмауы себеп болған. Осы орайда азаматтық қорғау мамандары жағажайларды зерттеуге ерекше назар аударып отыр. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы аумағында халықтың жаппай демалуына арналған 25 учаске белгіленген. Бұл жерлерге мамандар тексеру жүргізіп, қауіпсіздігіне көз жеткізген.

Сонымен қатар ТЖД өкілдері өңірдегі балалар лагері мен демалыс базасы иелеріне шомылу маусымы басталғанға дейін тиісті талаптарды орындау қажеттігін ескертті. Нақты айтқанда, демалыс орындарын судағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкестендіру бойынша айдынның түбін тексеріп, құтқарушы жасақтарды оқытып, медициналық құтқару бекеттерін құрып, арнайы қалқымалар мен ескерту белгілерін қойып, балалар орындарын жабдықтау сияқты дайындық жұмыстары жүргізілуге тиіс.

Айта кету керек, судағы қауіпсіздік ережелерін бұзған немесе орындамаған азаматтар заң алдында әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

 Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)