F16.KZ
Жарияланды: 18:30, 20 май 2025
Жаналықтар

Абай облысында менингиттен сарбаз қайтыс болды

Абай облысының Аягөз қаласындағы әскери бөлімде азаматтық борышын өтеп жүрген 18 жастағы сарбаз қайтыс болды. Марқұм биылғы сәуірде ғана Солтүстік Қазақстан облысынан әскер қатарына шақырылған, деп хабарлайды F16.kz.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, 16 мамыр күні кешке сарбаз өзін жайсыз сезініп, дене қызуы көтерілген соң Аягөз әскери госпиталіне жеткізілген. Алғашқы тексері мен ем тағайындалғаннан кейін де оның жағдайы жақсармаған. Ертеңінде, 17 мамырда дәрігерлер қосымша тексеру жүргізген, оның ішінде УДЗ мен КТ-дан өткізген. Нәтижесінде науқас әрі қарай ем алу үшін Аягөз орталық аудандық ауруханасына ауыстырылған.

18 мамырда сарбаздың жағдайы күрт нашарлады. Медицина мамандарының күш-жігеріне және жансақтау бөліміндегі қарқынды терапияға қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады, – деп атап өтті Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі.

Сарбаздың гипертоксикалық (жылдам өршитін) түрдегі бактериалды менингиттен қайтыс болғаны анықталды. Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оларға барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін хабарлады.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)