F16.KZ
Жарияланды: 11:30, 21 май 2025
Жаналықтар / Басты

Айыппұл салады: кондиционер орнату үшін рұқсат алу қажет

Қазіргі уақытта жаздың аптап ыстығынан қорғанудың бірден-бір жолы – кондиционер орнату. Алайда, сол кондиционерді орнатудың да өз талаптары бар екенін көбіміз біле бермейміз. Осы ретте елімізде ауа баптағыш құрылғыларды ғимараттың қасбетіне орнату заңмен реттелетінін айту керек. Бұл ережелерді бұзу соңы қомақты айыппұлдарға және жабдықты бөлшектеу қажеттілігіне әкеліп соғуы мүмкін, деп хабарлайды F16 тілшісі.

Сала мамандары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес, ғимараттардың қасбетіне рұқсатсыз түрлі конструкцияларды орнату әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатынын ескертеді. Аталмыш санатқа ауа баптағыш құрылғыларды да жатқызуға болады. Заң бойынша мұндай жұмыстарды жүргізбес бұрын жергілікті әкімдіктің не басқарушы компанияның келісімін алу қажет. Бұл әсіресе тарихи мәртебеге ие немесе ерекше сәулеттік құндылығы бар ғимараттарға қатысты.

Сонымен не үшін айыппұл салынуы мүмкін? Айыппұлдың ең жиі кездесетін себебі – ПИК және жергілікті әкімдіктің рұқсатынсыз жабдықтарды орнату. Сондай-ақ тарихи немесе сәулеттік құндылығы бар нысандарының қасбеттерінде кондиционерлерді орнату, құрылғы конденсатының өтіп бара жатқан адамдарға немесе тротуарға тамшылап ағуы қауіпсіздік ережелерін бұзу болып саналады. Құрылғыны орнату кезінде ғимараттың қасбетіне зақым келтіру де айыппұл арқалатуы мүмкін.

Ал енді айыппұл мөлшері туралы аз-кем айта кетсек. Елімізде құқық бұзушының санатына қарай кондиционерлерді келісусіз орнатқандарға төмендегідей айыппұлдар қарастырылған :

– Жеке тұлғаларға – 20 айлық есептік көрсеткіш (73 840 теңге);

– Шағын бизнес пен үкіметтік емес ұйымдарға – 30 АЕК (110 760 теңге);

– Орта бизнеске – 40 АЕК (147 680 теңге);

– Ірі бизнеске – 100 АЕК-ке дейін (369 200 теңге).

Нұржан Кенжеұлы

Фото: pixabay.com

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)