Бүгін – Республика күні
Бүгін Қазақстан халқы ұлттық мереке – Республика күнін атап өтеді. Қайта жаңғырған ұлттық мереке биыл елімізде үшінші рет тойланады.
Республика күні - бұл еліміздің мемлекеттілігі жолындағы алғашқы тарихи қадам. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстанның бірінші құқықтық құжаты - Республиканың егемендігі туралы декларацияны қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Оған «ұлттық мереке» мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Бұл бастама халықтың қолдауына ие болып, заңға тиісті өзгеріс енгізілді.
Ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін елімізде енді жыл сайын дүркіретіп атап өтіп жатыр.
Осы атаулы күні Отанымыз - Қазақстан Республикасына өркендеу мен амандық тілейміз, халықтың бірлігі, татулығы мен келісімі біздің мемлекеттілігіміздің мәңгілік берік тірегі болсын!
Фото: pinterest