Алтай ауданында су тасқынына дайындық қалай?

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапары барысында Алтай ауданына барып, су басу қаупі жоғары аймақтарды аралап, тасқынға дайындықты тексерді, деп хабарлайды F16.kz.
Аймақ басшысы Соловьево ауылында Березовка өзенінің үстінен жаңадан салынған көпір мен бөгетті қарап шықты. Бұл жерде өзен арнасын тереңдету, тазарту жұмыстары және ұзындығы 1000 метр болатын бөгетті нығайту шаралары жүргізілген.
Сондай-ақ ол 1968 жылы салынған және ағын суды реттеуге арналған екінші өзендегі гидротехникалық нысан мен су ағынын реттейтін құрылғылардың (шлюздердің) жай-күйін тексерді. Қазіргі уақытта бұл ГТС қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, барлық су өткізу құбырлары тазартылған.
Айта кетейік, Алтай ауданында жедел әрекет ету жасағының 105 қызметкері мен 44 техника дайын.
Сапар аясында облыс әкімі Алтай қаласындағы екінші өрт сөндіру бөлімшесінің құрылыс орнына да барды. Ол бұл нысанның төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақыты мен қызмет көрсету аумағын арттыру үшін қажетт екенін атап өтті.
Барлық гидробекеттерде күнделікті мониторинг жүргізілуде. Су тасқыны жағдайы өңірлік штабтың тұрақты бақылауына алынған.




