Сұлтанмахмұттың Шыңғыстай болысы туралы жазбасы
Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылы – талай дарындыларды тудырған киелі жер. Осы ауылда аудан тарихынан құнды мағлұматтар беретін айрықша бір орын бар. Ол – кезінде осы өңірді басқарған әйгілі Әбдікерім Ережепұлының мектебі.
1907 жылы Әбдікерім болыстың тікелей ықпалымен салынған бұл тарихи білім ошағында қазақтың небір жайсаңдары білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан. Осынау киелі білім ордасында қазақтың біртуар перзенті, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров жұмыс істеп, шәкірт тәрбиелеген. Тарихи деректерге сүйенсек, әйгілі ақын 1914 жылы жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел жастарын оқытып, олардың сауатын ашады. Күзде Семейге барады. Орысша оқуға түспек болады, бірақ түсе алмайды. Одан Өскемен уезіне қарасты Шыңғыстай ауылында бала оқытып, өзі жергілікті орыс мұғалімінен дəріс алады. 1916 жылдың күзінде Томскіге аттанады. Алтайдағы ұстаздық қызметі Сұлтанмахмұттың 1914 жылы жарық көрген әйгілі «Қамар сұлу» романын жазуға арқау болған.
2017 жылы Шыңғыстайдағы бұл тарихи нысан ауданның елжанды азаматтарының қолға алуымен қайта жаңғыртылды. Қазір бұл жер Әбдікерім Ережепұлының мектеп-музейі ретінде аудан тұрғындары мен қонақтарына қызмет жасап тұр. Музейде мектеп пен ауданның тарихы, өңірімізден шыққан атақты жерлестеріміз туралы құнды ақпараттар топтастырылған. Солардың ішінде Торайғыровтың Шыңғыстай болысы туралы жазбасын аңғаруға болады. Ақынның бұл жазбасының мәтіні кітапқа түскен. Бұнда қаламгер Шыңғыстайға қалай келгендігі, осындағы Әбдікерім болыс, одан әрмен жазбада Қаратайдың атқамінер азаматтарының жесір дауы турасында құрған жиындарының бірі турасында ойын білдірген. Онда былай делініпті:
Ғабділкәрім мырзадан басқа да ашық пікірлі Ғабдылразақ хажы, Мұса, Хұсайын, Есмұқан, Қамбар секілді жаңа заманға назары түзу адамдары бар.
Жаңада осы Қаратай елінің жақсылары әйелге кеңшілік беру һәм жесір дауын жоғалту турасында әдейі бастарын қосып кеңес құрды.
Мәжілісте не пәле, не жанжал шықса, түбі жесір дауынан шығатындығы сөйленді. Жесір дауының болуына себеп қазақ қызының теңіне берілмеуі һәм жастай атастырылып қойылуы екендігі айтылды, жастай атастырылып қойылуына себеп қазақ қызының малға сатылуы десті. Бұл істердің барлығының да қате екендігі айтылып, ел болып мынадай приговор жасап, жұртқа әшкерелетуге һәм сол приговор бойынша іс жүргізуге қаулы қылысты...”, деп жазады Торайғыров.
Әбдікерімнің мектеп-музейінің қорында ел мен жердің тарихы мен ықылым замандардан бүгінгі күнге жеткен тағы да басқа көптеген құнды мәліметтерді табуға болады.
Тимур Серікхан