Бес мың адам көшеге шықты: Риддерде “Таза Қазақстан” акциясы басталды

Бүгін Риддерде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында екі айға жоспарланған сенбіліктер шеруі басталды. Кеншілер қаласының орталық алаңына бұл күні 5 мыңнан астам адам жиылды, деп хабарлайды F16.kz.
Іс-шараға этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, белсенді жастар, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, спортшылар және қала тұрғындары қатысты. Бірлік пен туған өлкеге деген қамқорлықты ту еткен акция барысында адамдар көшелерді, аулалар мен саябақтарды тазалап, абаттандыруға атсалысты. Қаланы тазалауға 30-дан астам техника жұмылдырылды.
Қала әкімдігінің бастамасымен «Үздік аула» байқауына баса назар аударылды. Оның мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және абаттандыру мәдениетін дамыту. Байқаудың жүлде қоры – 20 миллион теңге, ол балалар мен спорт алаңдарын салуға, жеңімпаз тұрғындар тұратын аумақтарды көгалдандыруға және абаттандыруға бағытталады.
Акция барысында қоқыс шығаруды қамтамасыз етіп, логистикалық қолдау көрсеткен «Эталон» фирмасының директоры Рамиз Ибрагимов Риддер тазалықтың үлгісі болуға тиіс деді.
Жастар жағы да жалынды сөздерін айтып, белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Қала жастары атынан Дарья Ляпунова сөз сөйледі.
Сондай-ақ экологиялық қозғалыстың белсенді қатысушысы, қала тұрғыны Айжан Серікбаева: - Мұндай акциялардың дәстүрге айналуы өте маңызды. Біз қаламыздың келбеті қалай өзгеретінін көреміз және бұл бізді одан әрі шабыттандырады. Шет қалмағандардың бәріне рахмет. Біз балаларымыз үшін таза және әдемі болашақ қалыптастырамыз, – деді
«Таза Қазақстан» акциясы жай ғана іс-шара емес, бірліктің және азаматтық белсенділіктің нағыз мерекесі болды. Риддер тұрғындары, «Бірге өз қаламызды жақсарта аламыз» деген ұстанымды тағы бір мәрте дәлелдеді!
Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы




