Риддерде бес мың түп көшет егілді

Риддер шәрінде қоршаған ортаны көгалдандыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған Бүкілқазақстандық ағаш егу күні атап өтілді, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл күні республикада мемлекеттік орман қоры аумағында ағаш егу, саябақтар мен скверлерге гүл егу, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында аумақтарды қоқыстан тазарту жұмыстары өтті.
Кеншілер шаһарында ауқымды экоакция кең көлемде ұйымдастырылды және оған қатысқан тұрғындардың қарасы көп болды. Атап айтқанда, көшет егуге 3 мыңнан астам адам қатысты. Олар бір күнде 5 мың түп ағаш, оның ішінде мемлекеттік орман қоры аумағында 1500 шырша көшетін екті.
Осы жылдың басынан бастап Риддерде және оның маңында барлығы 10 мыңнан астам көшет егілді. Бұл былтырғыдан 2 мыңға көп.
Айта кету керек, тазалық пен көгалдандыру шараларына биыл жалпы саны 5 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатары алдағы уақытта көбейе түспек.
Мұндай бастамалар қоршаған ортаны жақсартуға үлес қосып қана қоймай, азаматтардың туған өлке табиғатына деген жауапкершілігін арттырады.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі




