Алыптар айқасы: Риддерде STRONGMEN спортынан ашық турнир өтеді

Ауыр көлікті сүйреп, зіл батпан тасты көтерген атан жілік алыптар Риддер шәрінде сайысқа түскелі жатыр. Мамыр айының 10-ы күні кеншілер шаһарында STRONGMEN спортынан Шығыс Қазақстан облысының ашық турнирі өтеді, деп хабарлайды F16.kz.
«Шығыс күші» атты алыптар айқасына осы спорт түрімен шұғылданатын кез келген адам қатыса алады. Сайыс бағдарламасына сай қатысушылар лог-лифт (бөрене көтеру 80/100 кг, 60 секунд ішінде), Аполлон аксель жаттығуы (220 кг салмақтан басталады, әр қадам – 20 кг), автобусты сүйреу (15 метрге), эстафета (Атлас тасы (70 кг) + доңғалақ (80 кг) – 20 метрге тасу + 320 кг доңғалақты 3 рет аудару. Уақыт шектеуі – 90 секунд), табиғи тастарды көтеру (80/90/110 кг салмақтарды 60 секунд ішінде тұғырға қою) сынды жаттығуларды орындап, күш сынайды.
Жарыстың бас төрешісі әрі жүргізушісі – ШҚО STRONGMEN федерациясының президенті Максим Осипов.
STRONGMEN (немесе «стронгмен») – бұл күш сынайтын спорт түрі, онда қатысушылар түрлі жаттығулар арқылы өздерінің күш-қуатын көрсетеді. Бұл спорт шоу элементтерімен бірге өтетін жарыс, мұнда спортшылар ауыр заттарды көтеріп, сүйреп немесе тасып, өз күшін дәлелдейді.
Фото: maxim_osipov/instagram




