ШҚО құтқарушыларына 65 жаңа техника берілді

Бүгін Өскеменнің орталық алаңында Шығыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар қызметкерлеріне жаңа техникалар мен қызметтік пәтерлердің кілті табыс етілді. Салтанатты шараға төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің автопаркі 65 сужаңа техникамен толықты. Олардың ішінде өрт сөндіретін және жол талғамайтын машиналар, сондай-ақ жедел-құтқару, суда жүзу көліктері бар.
Бұл күні құтқарушылар жаңа техникалармен қатар қызметтік пәтерлерге, ведомстволық наградалар мен алғыс хаттарға ие болды.
Өңірдің азаматтық қорғау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға кейінгі екі жылда 4 миллиардтан астам теңге қаражат бөлінгенін атап өткен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов табиғи және техногендік апаттардың алдын алып, салдарын жоюда төтенше жағдай қызметінің рөлі жоғары екенін айтты.
Ведомство басшысына облыстың көктемгі су тасқынына дайындығы туралы ақпарат беріліп, өңірлік бөлімше қызметінде цифрлық технологияларды қолданудың сәтті үлгісі көрсетілді. Қазір төрт бағыт бойынша деректер бір ақпараттық жүйеге жиналады: су тасқыны қаупі бар елді мекендер, гидропосттардан алынған ақпарат, жоспарлы инженерлік-техникалық жұмыстар, су тасқынына қарсы іс-шаралар.
Осындай жүйе арқылы жедел штаб су тасқыны қауіпі бар аймақтарды, қандай гидротехникалық құрылымдарды, арналарды және көпірлерді тазарту қажет екенін, қай елді мекендерге су тасқыны қаупі төніп тұрғанын нақты біледі.
Болашақта бұл жүйеге өзендердің су деңгейі туралы ақпарат енгізу көзделген. Бұл су тасқынының алдын алуға, жағалауды бекіту және арналарды тазарту жұмыстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Фото: F16.kz




