ШҚО жастары дропперлерге қарсы

Шығыс Қазақстан облысында қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиада басталды. Білім додасының шымылдығы өңірдегі жоғары оқу орындары студенттерінің флешмобымен түрілді, деп хабарлайды F16.kz.
Жастар «Дропперлерге NO!» ұранымен акция өткізді, сол арқылы олар қатарластарына күмәнді қаржылық схемаларға қатысудың қаупін еске салды.
Акцияның мақсаты — студенттердің назарын цифрлық алаяқтық мәселесіне аудару, заңсыз істерге тартудың алдын алу, мұндай схемаларда көп жағдайда дропперлер пайдаланылатынын ескерту. Жастар замандастарын саналы болуға және тартымды көрінгенімен, қауіпті ұсыныстарға алданып қалмауға шақырды.
Айта кетейік, олимпиада Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен өтіп жатыр. Жоба аясында 7-11 сәуір аралығында экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері облыстағы университеттер мен колледждерде оқыту семинарлары мен тренингтер ұйымдастырады. Оған шамамен 32 мың студент қатысады деген жоспар бар.
Негізгі мақсат — жастардың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру, қаржылық кеңістіктегі қауіпті біліп, өз қаражатын қорғауды үйрету. Қатысушылар алаяқтықтың нақты жағдайларын зерттеп, киберқауіпсіздік әдістері мен жауапты қаржылық мінез-құлық принциптерін меңгереді.
Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы




