16 мектеп, 30 балабақша, хоккей модулі, демалыс орталығы: болашақта Өскеменде қандай нысандар салынады?

Өскеменде құрылыс қарқыны бір мысқал да бәсеңдемейді. Керісінше үдей түспек. Алдағы онжылдықта бір ғана 22-ші тұрғын ауданда алты мектеп, 10 балабақша бой көтереді, деп хабарлайды F16.kz.
Қала әкімдігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, алдағы уақытта облыс орталығында инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған ауқымды жұмыстар жалғасын таппақ.
Сондай-ақ болашақта 24-ші тұрғын ауданда 7560 орындық алты мектеп, 5090 орындық 14 балабақша және 750 орынға арналған балалардың демалыс орталығы салынады.
26-шы тұрғын ауданда 1200 орындық екі мектеп, бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана және өрт сөндіру депосы бой көтереді.
«Нұрлы жол» ауданын дамыту аясында 1200 орындық бір мектеп, 230 орындық төрт балабақша және жалпы ауданы 4,8 мың шаршы метр болатын хоккей модулін салу жоспарланған.
Шағын аудандарды дамыту тұрғындардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Қала заманауи білім беру, медицина және спорт нысандарымен, сондай-ақ жайлы қоғамдық орындармен қамтамасыз етіледі.
Фото: F16.kz




