F16.KZ
Жарияланды: 16:00, 23 апрель 2025
Өскемен / Жаналықтар

Жалақы индексациясын заңмен бекіту керек – Сатыбалды Дәулеталин

Бүгінгі күні елімізде бекітілген еңбек шарттарының 10 пайызында ғана жалақыны индексациялау қарастырылған. Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы мәселені заң арқылы шешуді ұсынып отыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен әлеуметтік серіктестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысында айтылды, деп хабарлайды F16.kz.

ДЕПУТАТТАР ҚОЛДАЙ МА?

Еңбек кодексіне арнайы норма енгізу жөнінде ұсыныс бердік. Өйткені қолда бар мәліметке сәйкес, елдегі ұжымдық шарттардың 10 пайызында ғана жалақы индексациясы қарастырылған. Қарапайым жұмысшының сатып алу қабілетін арттыру үшін еңбекақыны жыл сайын индексациялауды заңдық негізде бекіту керек. Ол оңай емес. Себебі қазір шағын және орта бизнестің де жағдайы жақсы деп айта алмаймыз. Дегенмен біздің бәріміздің мүддеміз қарапайым қазақстандықтардың еңбек жағдайының сапасын көтеру. Сапаны арттыру жегеніміз, лайықты еңбекақы төлеу. Мәселені шешудің бір жолы жалақыны индексациялау, деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.

Сонымен қатар ол жалақыны индексациялау ең алдымен әлеуметтік жағдайы төмен, яғни еңбекақысы мардымсыз қарапайым халықты қамтуы керектігін атап өтті. Былайша айтқанда, миллиондап табыс табатын топ менеджерлерге қатысы болмайды.

Біз ұсыныс бердік. Депутаттар тарапынан қолдау бола ма, жоқ па ол жағын әзірге айта алмаймын. Бірақ олар да халықтың өкілдері. Қазір кәсіподақтан төрт адам Мәжілісте, 300-ден астам адам облыстық мәслихаттарда отыр. Барлық мәслихаттарда “Еңбек” депутаттық тобын құрдық. Олар жалдамалы жұмысшылардың құқығын, мүддесін қорғайды. Енді біз Мәжілісте “Еңбек” тобын құруды қарастырып жатырмыз. Бұл оңай шаруа емес. Өйткені депутаттық корпустың құрамы әртүрлі. Олардың бәрі бірдей жалдамалы жұмысшылар мәселесін көтермеуі мүмкін. Дегенмен жағдайға түсіністікпен қарап, Президентіміз жұмысшы мамандықтарға көңіл бөліп жатқанда олар да шет қалмайды деп ойлаймын, деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚАЗАҚСТАНДА 44 МЫҢ ДОЛЛАРЛЫҚ МИЛЛИОНЕР БАР

Халықаралық еңбек ұйымының 131-ші конвенциясында («Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы») ең төменгі жалақы мөлшері орташа еңбекақының 50 пайызынан кем болмауы керек деп көрсетілген. Бұл құжат жұмысшыларды әділетсіз төмен жалақыдан қорғауға бағытталған. Әлемнің көптеген өркениетті мемлекетінде халықаралық стандарт қолданылады. Болашақта Қазақстан да осы конвенцияны ратификацтялауды көздеп отыр. Еліміздің Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу үшін жалақы индексациясын заңмен бекіту қажет дейді.   

Былтыр Қазақстанда 44 мың долларлық миллионер бар екені анықталды. 2008 жылдан бері олардың жағдайы, яғни табысы 190 пайызға жақсарған. Ал қарапайым жұмысшылардың жағдайы қалай? Бұл өзекті мәселе. Сондықтан Президенттің бастамасымен қолға алынған жұмысшы мамандықтар жылын пайдалана отырып еңбек адамының жағдайын жақсартуға бәріміз атсалысуымыз керек,  деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ


ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен үшжақты комиссияның отырысында «Еңбек тәуекелдері картасы» аясында өңірдегі кәсіпорындарда жалақы қарызын өтеу бойынша қабылданып жатқан шаралар, аймақтағы әлеуметтік серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ әлеуметтік серіктестікті дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановты «Үздік әлеуметтік серіктес» медалімен марапаттады.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі 

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)
Тағыда оқи отырыңыз: