Премьер-Министрдің орынбасары ШҚО-дағы су тасқыны жағдайын бақылау жүйесімен танысты

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев өңірдегі су тасқыны жағдайын нақтыуақыт режимінде бақылайтын жедел басқару орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша былтыр бұл орталық базасында Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайын бақылау жүйесі әзірленген.
Оның айтуынша, жасалған цифрлық жүйе табиғи қауіп-қатерді басқаруда IoT технологияларын дамыту жолындағы маңызды қадам болып саналады және су тасқыны қаупіне қарсы кешенді, жедел әрі дәл әрекет етуді қамтамасыз етеді.
Жүйеде алдын алу шаралары да жеке модуль ретінде көрсетілген: арналарды, арықтарды, көпірлерді тазалау және тереңдету, су бұру арналарының құрылысы, қар шығару, жарылыс және инженерлік жұмыстар жүргізу арқылы жағалауларды нығайту мен дренаж жасау.
Модуль 49 гидробекетті қамтиды, олардың мәліметі күн сайын «Қазгидрометтен» алынып, қауіп деңгейі түспен белгіленген шкала түрінде бейнеленеді.
Вице-премьер «Қазгидромет» РМК мен облыс әкімдігіне жүргізілген бөгет салу жұмыстарына сәйкес гидробекеттердің шекті деңгейлерін қайта калибрлеу және түзету тапсырмасын берді.
Сондай-ақ барлық тиісті қызметтерге мамыр-маусым айларында болуы мүмкін үшінші су тасқыны толқынына белсенді дайындық жүргізу тапсырылды..
Кеңес барысында су тасқыны кезеңінің өту барысы мен орман өрттерінің алдын алу мәселелері де қаралды.
ҚР премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев облыстың табиғи қатерлерге дайындығын жақсы деңгейде деп бағалап, су тасқыны мен өртке қарсы қорғаныс жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі




