Бүгін Өскеменде Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай «Көктем жеңісі» атты жылжымалы концерт өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Әскери әндер шеруі Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлова көшесінен басталды. Жиылған жұрт қан майданда Отанын қорғаған батыр бабалардың ерлігін бір сәт еске алып, театрландырылған қойылымды тамашалады. Өткен ғасырға саяхат жасап, тарихқа тағзым етті.
Бүгін міне қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова көшесінде жас ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды бір шара болып жатыр. Бұны ең әуелі қасық қаны қалғанша елі мен жерін жаудан қорғаған батырларымыздың рухына тәу етіп, ерлігін болашаққа ұрпаққа насихаттау деп түсінген ләзім. Енді жер бетінде соғыс болмасын, әлемде бейбітшілік мәңгі орнасын. Заман тыныш болсын. Қазақ елім өсіп, өркендей берсін! –деген ізгі тілегін білдірді Әлия Молдағұлова көшесінің тұрғыны Сабыр Оспанов ақсақал.
Бұдан кейін әскери әндер шеруі Кеңес одағының батыры, жерлесіміз Ізғұтты Айтықовтың ескерткішіне тізгін тартып, гүл шоқтарын қойды.
«Көктем жеңісі» атты жылжымалы концерт Әлия Молдағұлова көшесінен басталды. Қазір Ізғұтты Айтықов атамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым еткен соң ары қарай Владимир Мызы, Дмитрий Карбышев көшелерімен жүріп өтеміз. Мерекелік концерт Сағадат Нұрмағамбетов, Қасым Қайсенов, Төлеген Тоқтаров көшелерінің бойында орналасқан Арбатта жалғасын табады, – деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит.
Өскеменнің Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің арнайы безендірілген техникалары сап түзеген мерекелік шеруі шығысқазақстандық майдангерлер есімін еншілеген көшелермен жүріп, тұрғындарға ән-жырдан шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Фото: F16.kz