F16.KZ
Жарияланды: 13:00, 03 май 2025
Өскемен / Жаналықтар

Алтайлық қос боксшы Азияны бағындырды

Иордания астанасы Амман қаласында өткен бокстан жасөспірімдердің Азия чемпионатында Шығыстың қос спортшысы Шыңғыс Ахметов пен Темірәлі Темірбаев алтын медаль иеленді, деп хабарлайды F16.kz.

Дүбірді дода алғаш рет World Boxing ұйымының бастамасымен өткізіліп, онда 18 елдің кіл мықтылары шеберлік байқасты. Жарыста 15 және 17 жасқа дейінгі екі жас санаты бойынша жүлделер сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы тамаша нәтиже көрсетіп, жалпы саны 44 медаль иеленді, оның 16-сы алтын. Осылайша ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алып, жүлделі орындарға жайғасқан Үндістан мен Өзбекстан спортшыларын басып озды.

Азия чемпионатына дейін балалар бірнеше іріктеу кезеңінен өтті. Алдымен облыстық чемпионат, кейін аймақтық кезең, одан соң Қазақстан чемпионаты болды. Осы сайыстардың жеңімпаздары ұлттық құрамаға іріктелді. Бұдан кейін үш оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Бұл жеңістің артында үлкен еңбек тұр, бапкерлердің, ата-аналардың, облыстық спорт басқармасының, федерацияның және жеке жаттықтырушылардың еңбегі. Балалардың өздері де аянбай тер төкті. Көп нәрсе көлеңкеде қалды, бірақ бұл — ауыр еңбектің жемісі, — деді бокстан ШҚО жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы Азамат Серікұлы.

Жас чемпион Шыңғыс Ахметовтің бұл халықаралық деңгейдегі алғашқы жеңіс. Бұған дейін ол тек республикалық жарыстарға қатысқан.

Мен Иорданияда өткен Азия чемпионатына барып, үш жекпе-жек өткіздім және бірінші орынды иелендім. Қарсыластарым Иордания, Украина және Иран елдерінің өкілдері болды. ОЛардың бәрі де мықты, бірақ мен жеңісті қолдан бермедім. Маған жанкүйер болған баршасына алғыс айтамын. Бұл — менің алғашқы халықаралық жарысым. Осындай нәтижеге қол жеткізгеніме қуаныштымын. Арманым — кәсіби боксшы болып, әлем чемпионы атану, — деді Шыңғыс Ахметов.

Азия чемпионы атанған Темірәлі Темірбаев жеңісін әрдайым қолдау көрсететін ата-анасына арнады.

Бұл менің алғашқы Азия чемпионатым, ол сәтті өтті. Жарыс 12 күнге созылды. Үш жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де жеңіске жеттім. Ең қиын кездесу үндістандық спортшымен болған жартылай финал. Турнирге 1 сәуірден бастап Алматыдағы олимпиадалық резерв базасында жеке бапкерім Серік Сембиевпен бірге дайындалдым. Ол маған рухани қолдау көрсетіп, дайындықта көп көмектесті, — деді Темірәлі Темірбаев.

Шыңғыс пен Темірәлі Алтай қаласында дүниеге келген. Бокстағы алғашқы қадамын осы қалада бастады. Қос спортшының Аммандағы финалдық жекпе-жегін Алтай тұрғындары  қалада арнайы орнатылған LED экрандар арқылы тамашалады.

Болашақта биік белестерді бағындырып, спорттық мансабында жетістіктерге жетуді мақсат еткен жас чемпиондар мұнымен тоқтап қалмақ емес, бірер күн демалыстан соң алдағы болатын дүбірлі додаларға дайындықты бастайды.

 Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)