F16.KZ
Жарияланды: 12:30, 06 май 2025
Өскемен / Жаналықтар

Өскеменде жеңіл атлетикадан ерекше жарыс өтіп жатыр

Өскеменде Жеңістің 80 жылдық мерейтойына арналған ерекше жарыс өтіп жатыр, деп хабарлайды F16.kz

Бүгін шаһардағы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыстық жарыс басталды.Жеңіл атлетиканың 100, 200, 400 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру, ядро, диск пен найза лақтыру, эстафета сияқты түрлерінен өтіп жатқан дода облысымыздың аудан-қалаларынан келген 30-дан астам спортшының басын қосты.

Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионат Шығыс Қазақстан облысында паралимпиадалық қозғалысты кеңінен насихаттау, сондай-ақ республикалық спартакиаданың бағдарламасына енгізілген спорт түрлерін дамыту мақсатында ұйымдастырылуда.

Бұл жарыстың екі бірдей үлкен мереке қарсаңында өтіп жатқаны бекер емес деп ойлаймын. Себебі мұндай іс-шаралар мүмкіндігі шектеулі, зияты зақымданған жандардың ортаға бейімделуіне, батыл болуға, өз қорқынышын жеңе білуге көмектеседі. Жалпы, дәл осындай жарыстар өзіміз үшін де, шәкірттеріміз үшін де үлкен мереке. Сондықтан бүгінгі жарысқа қатысушылардың барлығын көрсеткен нәтижелеріне қарамастан жеңімпаз, чемпион деуге болады, – деді жарыс ұйымдастырушыларының бірі, Өскемендегі мүмкіндігі шектеулі жандар спорт клубының жаттықтырушысы Раиса Паладьева.

Айта кетейік, бұл додада үздік нәтиже көрсеткен спортшылардан республикалық чемпионатқа қатысатын облыс құрамасы жасақталады. Ел біріншілігіне жолдама алуды көздеп жүрген сондай спортшының бірі – Нұржан Құсайынов.

Жеңіл атлетикаға ден қойғаныма бір жылдай болып қалды. Былтыр алғаш рет қатысқан республикалық жарыста төртінші орын алған едім. Биыл жазда өтетін спартакиадада сол нәтижемді қайтсем де жақсартамын деп отырмын. Дайындық жаман емес сияқты. Аптасына алты күн осы манежде жаттығу жасаймыз. Негізі, бұрын жеңіл атлетикамен шұғылданамын деп ойламаппын. Спорттық мансабымды дзюдошы ретінде бастағанмын. Бірақ ағалардың, бапкерлердің ақылын тыңдап, осы жеңіл  атлетикаға бет бұрдым, – деді тегі тарбағатайлық Нұржан Құсайынов.

Бір күнге созылатын облыстық жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушалыр атынан алғыс хаттарға, медальдар мен естелік сыйлықтарға ие болады.

Нұржан Кенжеұлы

Фото: F16.kz

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)
Тағыда оқи отырыңыз:
«Ұрпаққа не қалдырамыз?!» Тарбағатай жұрты кен қазушылардың әрекетіне алаңдап отыр
25.11.24, Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Шекаралық аудан / Тарбағатай / Күршім / Журналист жол үстінде
Іргесі көгеріп, сыз тартқан үйлер, баспана зарын тартқан отбасылар. Риддер қаласы тұрғындарының шағымы
22.02.25, Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Риддер / Шекаралық аудан / Журналист жол үстінде
Жарық жоқ, су тапшы, жолы батпақ. Өскемен түбіндегі саяжай тұрғындары қалай өмір сүріп жатыр?
26.02.25, Басты / Шекаралық аудан / Өскемен / АЙДАРЛАР / Журналист жол үстінде
Катонқарағайда мал бағу машақатқа айналды
30.01.25, Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Шекаралық аудан / Катонқарағай / Журналист жол үстінде
Қыста қар құрсауында қалып, жазда батпаққа батады. Жол азабын тартқан шекарадағы ауылдар
24.12.24, Басты / АЙДАРЛАР / Шекаралық аудан / Зайсан / Журналист жол үстінде / Айтпайын десең...