Өскемендік оқушы Бразилиядан олжалы оралды

Бразилияның Белу-Оризонти қаласында химиядан 59-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасы мәресіне жетті. Білім сайысына қатысқан қазақстандық оқушылар тамаша нәтиже көрсетті, деп хабарлайды F16 тілшісі.
Әлемнің 40-қа жуық елінің өкілі қатысқан бұл сында оқушыларымыз барлығы 11 медаль жеңіп алып, АҚШ, Жапония, Қытай сияқты азулы қарсыластарын басып озды. Осы ретте Қазақстан командасының құрамына 10-11 (12) сынып оқушылары – 2024-2025 оқу жылындағы химия пәні бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары кіргенін айту керек.
Команданың түгелдей дерлік мүшесі жүлдеге ілініп, осылайша қазақстандық білім беру жүйесінің деңгейі өте жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Арасында өскемендік Айзере Жеңісханова да болды. Облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Осылайша NIS мектептерінің халықаралық деңгейдегі беделін тағы бір биікке көтерді.
Айзеренің биылғы оқу жылындағы жетістіктері мұнымен шектелмейді. Бұған дейін ол Бухарест қаласында өткен XXI Халықаралық жасөспірімдер жаратылыстану-ғылыми олимпиадасында (IJSO) ел намысын абыроймен қорғап, күміс жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар, Ақтау қаласында өткен республикалық олимпиадада химия пәні бойынша алтын медаль жеңіп алған.
Жалпы алғанда, қазақстандық оқушылар Бразилия жерінде жеті күміс және төрт қола медаль жеңіп алғанын айту керек.
Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық Менделеев олимпиадасы биылғы 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін химия бойынша Халықаралық олимпиадаға (IChO) ұлттық құрамаларды дайындаудың маңызды кезеңдерінің бірі болып саналады.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі




