ШҚО-да есімі елге белгілі адамды бопсалаған полицейлер сотталды

Шығыс Қазақстан облысында үш полиция қызметкері сотталды. Олар есімі елге белгілі адамды бопсалап, қомақты ақша талап еткен, деп хабарлайды F16.kz.
Өскемен қалалық №2 сотында ШҚО полиция департаментінің үш қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Былтыр жазда ШҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының үш қызметкері белгілі азаматтың жеке өміріне қатысты кейбір жайттарды білген. Полицейлер өзара сөз байласып, азаматтан ақша талап еткен. Егер талап орындалмаса, қолдарындағы бейнежазбаны жалпақ жұртқа таратамыз деп қорқытқан.
Арада екі күн өткенде азамат оларға 3 миллион теңге әкеліп берген. Бірақ бұған дейін ол арнайы қызмет мамандарына мән-жайды баяндап, ескерткен. Сол себепті ақша беру кезінде жасырын тергеу әрекеттері жүргізілді. Соның нәтижесінде бопсалаушы полицейлердің айыпты екендігін дәлелдейтін айғақтар жиналды.
ҚАНДАЙ ЖАЗА БЕРІЛДІ?
Айыпталушылар кінәсін мойындамады және өздерін ақтауды сұрады. Бірақ сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын ескеріп, тікелей ақша алған полицейге 6 жыл, қалған екеуіне 5,5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ үшеуі де мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.
Фото: pixabay.com




