Ойнап жүріп тазалап тастады: Өскеменде «Таза ойындар» экосенбілігі өтті

Бүгін Өскеменнің Самал саябағында «Таза ойындар» экологиялық акциясы өтті. Сайыс түрінде өткізілген шараға қала тұрғындары, оның ішінде студент жастар, еріктілер, мектеп оқушылары қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
Ерекше бастамаға мұрындық болған қалалық ішкі саясат бөлімі өкілдерінің айтуынша, «Таза ойындар» жобасының негізгі мақсаты адамдарды табиғатты сақтауға, қоқыстан тазартуға ынталандыру.
Жарыс ережесі бойынша екі-үштен топтасқан қатысушылар қоқысты сұрыптау жинауға кірісті. Мәселен, ақ түсті қапқа шыны бөтелкелерді, жасыл түсті қапқа пластмас бөтелкелерді жинады. Ал сарғыш түсті қапқа қаңылтыр ыдыстарды салды. Жиналған қоқысты көлеміне қарай қабылдап алып, топқа ұпай берілді. Сол сияқты қолдануға жарамды ерекше заттарды артефакт ретінде өткізіп, қосымша ұпайға ие болды. Бұл ойын шынымен де жастардың қызығушылығын оятып, шабыттандырды. Бір-бірімен жарыса жүріп айналдырған бірер сағатта төңіректі шашылып жатқан қажетсіз заттардан қалай тазалап тастағандарын өздері де байқамай қалды қатысушылар.
«Таза ойындардың» ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Ирина Смит қатысып, жастарды жігерлендіре сөйледі.
Сайыс қорытысындысы бойынша Самал саябағының маңынан 1 тонна,яғни 135 қап қоқыс жиналып, сұрыпталып, қабылдау пунктіне жөнелтілді. Экосенбілікке барлығы 16 команда құрамында 60-қа жуық белсенді қатысты. Ең көп ұпай жинаған “Капитан Америка” командасы бірінші орынды жеңіп алып, сыйлыққа 100 мың теңгенің сертификатын иеленді. Екінші орын және 80 мың теңгенің сертификаты “Новый век” командасына бұйырды. Үздік үштікті “Антикор” түйіндеді. Оларға 60мың теңгелік сертификат табысталды.
Айта кетейік, сыйлыққа берілген сертификаттарға қаладағы брендтік дүкендерден көрсетілген сомаға сай кез келген тауарды алуға болады.
Фото: F16.kz




