Шекара шебінде: 200 сарбаз ант берді

Бүгін ҰҚК Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне қарасты Зайсан ауданының шекара басқармасында жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл – әрбір сарбаз үшін ерекше мәнге ие, Отан алдындағы адалдық пен жауапкершіліктің нышаны болып саналатын маңызды сәт.
Жиыны 200-ден астам сарбаз ел шекарасын күзетуге, бейбіт өмірді қорғауға және мемлекеттің тұтастығын сақтауға салтанатты түрде ант беріп, азаматтық өмірдің жаңа белесіне қадам басты. Олардың жүзінен туған жерге деген мақтаныш пен ел алдындағы жауапкершіліктің биік рухы айқын сезілді. Салтанатты іс-шараға Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов, Шекара басқармасының командирі, полковник Есім Ибраев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева, төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бауыржан Оразғалиев, аудандық мешіттің бас имамы Теңлік Ақмедияр және сарбаздардың ата-аналары мен әскери қызметкерлер қатысты.
Полковник Есім Ибраев жас сарбаздарды әскери тәртіпке берік, борышқа адал болуға шақырды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы мен аудан имамы сарбаздарға ақ батасын беріп, амандық пен ел тыныштығын тіледі. Ата-аналар үшін бұл күн – қуаныш пен мақтанышқа толы, жүрек тебірентерлік сәтке айналды.
Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы




