Зая кеткен газ, удай қымбат көмір, батпақ кешкен халық. Зайсан ауданынан фоторепортаж
Қытаймен іргелес Зайсан ауданында қазір 36 мыңнан астам адам тұрады. Шығыстың басқа шекаралық аудандарымен салыстырғанда бұл өңірде тұрып жатқан халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсы. Бұған ең әуелі көрші елмен арадағы алыс-беріс, барыс-келісті қамтамасыз етіп тұрған Майқапшағай кеден бекетінің болуы оң әсер етеді. Дегенмен, жергілікті тұрғындарды мазалайтын мәселе де жетерлік. Осында өндірілетін көмірдің удай қымбат сатылуы, табиғи газдың ауылдарға толық жетпей қалуы – жұрттың өзегін өртейді.
F16.kz тілшілері зайсандықтардың хал-ахуалын біліп қайту үшін биылғы қазанда шалғайдағы ауданға сапарлап барған еді.
2013 жылы Зайсан ауданының Сарыбұлақ кенішінде табиғи газ өндіріле бастады. Жоспар бойынша ауданның 18 елді мекені жер байлығының игілігін көруге тиіс еді. Алайда 11 жыл өткенде 10 ауылға ғана газ жеткізіліп, қалғаны көгілдір отынсыз қалды. Себебі газдың көп бөлігі Қытайға экспортталған. Қазір кеніште қор түгесілуге таяды. Алдағы уақытта уәде етілген 8 ауылға газ жете ме, жоқ па ол жағы белгісіз. Тұрғындар соған уайымдайды.
Зайсан халқын алаңдатқан мәселенің тағы бірі – жол. Құрылысы 7 жылға жалғасқан Омбы-Майқапшағай тасжолының тартқызған мехнаты аздай, күз бен көктемде ми батпақ болып езілетін көше жолдары да ауылдағы ағайынды әбден қажытқан.
Кендірлік кенішінде өндірілетін көмірдің бағасы аспандап тұр. Жергілікті жерде игеріліп жатқан қазба байлықтың мұнша қымбатқа сатылуы қарапайым жұрттың қабырғасына батады. Бұл — Зайсан қаласындағы газ тартылған тұрғын үйлер. Көгілдір отынның көмірден басты артықшылығы — 5-6 есе арзан. От жағып, күл шығарып әуре болмайды, ауыл тұрмысы сәл де болса жеңілдейді. «Табиғи газға қосылады» деп жоспарланған 18 елді мекеннің бірі – Қуаныш ауылы.
Қуаныш ауылының жанында орнатылған газ таратқыш. 2022 жылы газ құбыры ауыл шетіне дейін тартылған. Енді тұрғын үйлерді қосу ғана қалды, бірақ әлі газ жоқ.
Дайыр ауылында да көше бойымен газ құбыры тартылған, алайда газ сол бойы жоқ.
2013 жылы Зайсанда алғаш рет табиғи газ өндіріле бастағанда қуанған жанның бірі — зейнеткер Мұрат Нәсіпбаев. Бірақ содан бері 11 жыл өтсе де, уәде етілген газ Дайыр ауылына әлі жетпеген.
Зайсан ауданының Кендірлік кенішінде көмір өндіріледі. Бір тонна қара отынның бағасы – 27 мың теңге.
Дайыр ауылының Ыдырышов көшесі. Газ құбырын тартқанда жерді қазып, қорыс-қопасын шығарған. Содан бері екі жылдай уақыт өтті. Не газ жоқ, не жолды қалпына келтірмеген. Ауыл тұрғындары ортадан ақша жинап, батпаққа батқан көшені әупірімдеп ретке келтірген.
Дайыр ауылының тұрғыны Сәуле Рахманова «көктем мен күздегі сусоқта көшенің батпағы мидай езіліп, адамдардың жүріп-тұруы қиындайды» деді. Әсіресе, мектепке баратын балаларға қиын.
Құрылысы 7 жылға жалғасқан Омбы-Майқапшағай халықаралық тасжолы. Мына тұрған «айналып өту» белгісі шекара маңындағы Зайсан, Тарбағатай аудандары халқының «түсіне кіретін» болды. Айналма жолдың азабын тартудай-ақ тартып келген қос ауданның тұрғындары құрылыс жұмысының толық аяқталуын тағатсыздана күтіп жүр.
Зайсан ауданына барған сапардан F16.kz тілшілері ауылдарға жетпей қалған газ бен халықты қажытқан жол туралы мақалалар, сондай-ақ бейнерепортаж жариялады. Ол материалдармен жоғарыда көрсетілген сілтеме арқылы танысуға болады.