Шекара шебіндегі Шанағатты: облыс әкімі тұрғындармен кездесті

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жұмыс сапарымен Марқакөл ауданына барып, ең шалғай әрі шекара маңында орналасқан Шанағатты ауылында болды.
Айта кетсек, бұған дейін Шанағатты ауылына облыс әкімдері мен басқарма басшылары мүлде ат ізін салмаған, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Ауызсу, интернет, жол мәселесі
Ауыл тұрғындары көтерген ең өзекті мәселелердің бірі – ауызсу. Облыс әкімі бұл түйткілді жаздың ортасына дейін шешуді тапсырды. Құжаттарды рәсімдеуге шамамен екі ай уақыт қажет.
Сондай-ақ интернеттің әлсіздігі мен жолдың нашар жағдайы да тұрғындарды алаңдатып отыр. Әкімнің айтуынша, Марқакөл – Шанағатты бағытындағы 25 шақырым жолды жөндеуге 300 миллион теңге қажет. Бұл мәселе тиісті басқармалар қарауына жіберілді.
Медицина мен ауылды дамыту
Шанағатты ауылында медициналық пункттің жоқтығы тұрғындарды әбігерге салуда. Аймақ басшысы жаңа медициналық нысан салуды тапсырды. Сонымен қатар, халық жедел жәрдем көлігі қажет екенін жеткізді.
Әкімнің сөзінше, ауылды дамыту үшін тұрғындарға жер телімдерін беру аса маңызды. Биыл 12 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр. Бұл – ауыл шаруашылығын дамытуға, жергілікті тұрғындардың өз кәсібін бастауына мүмкіндік бермек.
Ауыл өмірін жандандыру құралы
Шекараға жақын орналасқан елді мекендерден халықтың басқа жаққа қоныс аударуын болдырмау үшін облыс әкімі ауылда комьюнити орталығын құруды тапсырды. Бұл жастар мен ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Осылайша, Шанағаттының тыныс-тіршілігі басшылардың назарына ілінді. Билік тарапынан берілген уәделердің орындалуы – уақыт еншісінде.
Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы




