F16.KZ
Жарияланды: 12:30, 09 апрель 2025
Жаналықтар / Басты

Дауылдан кейін: мешіттің күмбезі бүлініп, үйлердің шатыры қирады

Қатты дауылдан Шығыс Қазақстан облысының бірқатар елді мекенінде тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандарға зақым келді, электр желілері үзіліп, инфрақұрылым зардап шекті. Кейбір өңірде өрт шығып, тілсіз жау біраз аумақты шарпыды, деп хабарлайды F16.kz.

РИДДЕР

Табиғаттың тосын мінезінен ең көп зардап шеккен Риддер қаласы. Кеншілер шаһарында желдің екпіні аса күшті болып, инфрақұрылым мен тұрғын үйлерге елеулі залал келді. Алдын ала деректерге сәйкес, Риддерде электр желілері бүлініп, тұрғын үйлердің және шаруашылық нысандардың шатыры жұлынған. Ағаштар құлаған. ДОСААФ ауданында 1237 тұтынушы электр қуатынсыз қалды. Себеп – Л-61 желісінің ПС-1 қосалқы станциясынан апатты түрде ажыратылу. Қалпына келтіру жұмыстарына екі бригада жұмылдырылған.

Жедел әрекет ету штабы құрылды. Коммуналдық және апаттық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Азаматтардың өтініштері қабылданып, жедел қаралып жатыр. Жағдайды жергілікті билік бақылауға алды.

ҰЛАН

Дүлей дауыл Ұлан ауданын да айналып өтпеді. Бозанбай ауылында 1972 жылы салынған ғимараттың қосалқы құрылысын қаптаған сайдинг (көлемі 70 шаршы метр) ұшып кетті. Нысан – «Айгөлек» балабақшасына тиесілі.

Аудан орталығы Қасым Қайсенов кентінде балалар шығармашылық үйінің футбол алаңындағы жасанды көгалдың 2300 шаршы метр аумағы бүлінді. Адамдар зардап шеккен жоқ.

ӨСКЕМЕН

Облыс орталығында қатты дауыл «Халифа Алтай» мешітінің күмбезіне зиян келтірді. Қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды, демеушілер мен кәсіпкерлер белсенді түрде көмек көрсетіп жатыр. Желден құлаған ағаштар тазаланып, құрылымдар қалпына келтіріле бастады.

Островский, Прибрежная, Демьян Бедный, Добролюбов, Сәтпаев, Аязбаев көшелерінде ағаштар құлап, түрлі құрылымдар қираған. Крылов көшесінің бойында белгілер құлаған. Есенберлин даңғылында бағдаршам істен шықты. Серікбаев көшесі 1/2 мекен жайында балконда өрт шығып, дереу сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

ШЕМОНАИХА

Шемонаиха қаласының 3-ші ықшам ауданда бес қабатты тұрғын үйдің шатыры ішінара қирады. Зақымданған аумақ – 300 шаршы метр. Айта кетейік. Бұл тұрғын үйге жөндеу жұмыстары небары бір жыл бұрын ғана жүргізілген. Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеді.

ӨРТ ШЫҚТЫ

Өскеменде және облыстың бірнеше ауданында қоқыс пен құрғақ шөп өртенді. Атап айтқанда, Космическая көшесінің тұрғын үй аумағында қоқыс отқа оранды. Жалпы ауданы 15 шаршы метрге жайылған тілсіз жауды төтенше жағдайлар департаментінің мамандары (5 адам, 1 техника) сөндірді.

КЕГОК-тің үш қабатты әкімшілік ғимаратында байланыс кабелі (L=1,5 м.) және құрғақ шөп өртенді. Жалпы ауданы 500 шаршы метр аумақты қамтыған өрт ТЖД күшімен (9 адам, 3 техника) сөндірілді.

Өскеменнің Саламат, Шоссейная көшелерінде құрғақ шөп, Северная көшесінде қоқыс өртенді. Отты төтенше жағдайлар қызметінің мамандары толық өшірді.

Сонымен қатар Глубокое, Катонқарағай, Күршім, Ұлан аудандарында және Риддер қаласында құрғақ шөп пен қоқыстар өртеніп, дер кезінде сөндірілді. Мәселен, Ұлан ауданының Гагарин, Айыртау, Алмасай, Ново-Азовое ауылдарында тілсіз жау қауіп төндірді. Өрт сөндіру қызметі мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінің жедел әрекет етуінің арқасында қызыл жалын сөндірілді.

Қазір төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Жергілікті атқарушы билік жағдайды бақылауда ұстап, қалпына келтіру және келген шығынның мөлшерін есептеу, бағалау жұмыстарын қолға алған. Дауылдан зардап шеккен тұрғындар жедел штабтарға жүгінсе болады, олардың өтініші міндетті түрде қаралады.

Айта кетейік, барлық қызметтердің үйлесімді және жедел әрекет етуінің арқасында өңірде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Фото: ШҚО ішкі саясат басқармасы

Ctrl
Enter
Қатені көрсеңіз
Мәтінді белгілеп Ctrl+Enterбасыңыз
Пікірлер (0)
Тағыда оқи отырыңыз:
«Ұрпаққа не қалдырамыз?!» Тарбағатай жұрты кен қазушылардың әрекетіне алаңдап отыр
25.11.24, Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Шекаралық аудан / Тарбағатай / Күршім / Журналист жол үстінде
Қыста қар құрсауында қалып, жазда батпаққа батады. Жол азабын тартқан шекарадағы ауылдар
24.12.24, Басты / АЙДАРЛАР / Шекаралық аудан / Зайсан / Журналист жол үстінде / Айтпайын десең...
Іргесі көгеріп, сыз тартқан үйлер, баспана зарын тартқан отбасылар. Риддер қаласы тұрғындарының шағымы
22.02.25, Басты / АЙДАРЛАР / Айтпайын десең... / Риддер / Шекаралық аудан / Журналист жол үстінде
Жарық жоқ, су тапшы, жолы батпақ. Өскемен түбіндегі саяжай тұрғындары қалай өмір сүріп жатыр?
26.02.25, Басты / Шекаралық аудан / Өскемен / АЙДАРЛАР / Журналист жол үстінде
«Қазақстанда» адам саны азайып барады. Билік шекарадағы ауылдарды жандандыра ала ма?
29.10.24, Шекаралық аудан / Марқакөл / Журналист жол үстінде / Басты / Арнайы жоба